Ыстамбұлдағы атыс кезінде қазақстандық жараланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Tengrinews.kz редакцияның WhatsApp нөміріне оқырмандар хабарлаған. Олардың айтуынша, Ыстамбұлдағы аудандарының бірінде 31 жастағы жерлесіміз Бегалы Тәліпов атыс салдарынан оқ жарақатын алған. Оқиға 17 сәуірде кешкі уақытта болған.
"Бегалы екі жасар қызын емдеу үшін Ыстамбұлға барған. Үйдің ауласында атыс болды. Отбасы аман-есен, бірақ Бегалы жараланып, жерге құлап түскен. Қызының еміне ақша жинап жатқаны аздай, енді Бегаланың өзіне де қазір ақша керек. Өйткені онда шұғыл болса да, тегін емдемейді", - делінген хабарламада.
Бегалы Тәліповтің әйелі Әсия Райымбаеваның айтуынша, оқиға сағат 16:30 шамасында Гүнгерен ауданындағы Real Merter киім базарының маңында орналасқан көпқабатты үйдің жанында болған.
"Біз балаларды сауда орталығына апарып ойнатуды жөн көрдік. Қайтып келе жатыр едік, кіреберіске жетіп қалғанбыз. Осы кезде атыс басталды. Ұлым екеуіміз ғимаратқа жүгіріп кіріп үлгердік, ал күйеуім арбамен артта келе жатты. Оқ оның қарын жағына тиді: бір жағынан кірген, бірақ екінші жағынан шықпай қалған, сонда ізі мен көгерген ізі қалды.
Жедел жәрдем шақырдық, содан кейін ауруханаға бардық. Бірақ Түркияның денсаулық сақтау жүйесі сондай, оқ тиіп, жарақаттансаң да, талон алып, кезекте тұруыңа тура келеді. Сол жерде 2-3 сағаттай тұрдық. Содан кейін ғана бізді қабылдады. Дәрігер "Ота жасап, оқты шығарып алу керек" деді. Алайда бұл - ақылы қызмет, сондықтан біз бас тарттық, өйткені ақша басқа мақсатқа қажет", - деді ол.
Ол Қазақстан консулдығына хабарласып, тегін немесе арзанырақ емхана табуға көмектесуді сұрағанын айтты. Қазақстандық дипломаттар көмектесуге уәде берген.
"Қызымыз қатерлі ісіктің төртінші сатысы бар, оның толық емделу курсы үшін 90 миллион теңге қажет. Ал біз оның 7 миллионын ғана жинадық. Біз мұны күтпей, химиотерапия мен басқа да процедураларды бастау үшін осында келгенбіз", - деді зардап шеккен қазақстандықтың әйелі.
Әсия Райымбаеваның сөзінше, олар былтырғы жылдың соңынан бері Түркияда жүрген. Олардың үлкен ұлы бар, төрт жаста. Әсияның өзі жүкті - үшінші баласын күтіп жүр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінінің хабарлауынша, Ыстамбұлдағы бас консул Бегаланы ауруханаға өзі апарған.
"Кеше, 18 сәуірде Бас консулдығымызға қазақстандық хабарласып, қарудан жарақат алғанын хабарлады. Консул дереу зардап шеккен азаматқа барып, оны жергілікті ауруханаға жеткізді. Медициналық тексеруден кейінгі оның жағдайы бірқалыпты. Оқты алу үшін ота жасалмақшы.
Алдын ала болжам бойынша, жерлесіміз жергілікті тұрғындар арасындағы атыстың кездейсоқ құрбаны болған. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр", - деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!