Ыстамбұлда Қазақстан азаматы қаза тапқан оқиға: үш ел қылмыс әлемінің серкелерін әшкереледі

Үш елдің аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған халықаралық арнайы операция жүргізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Грузия, Түркия, Әзербайжанға жасаған сапарлары нәтижесінде трансұлттық қылмыстық құрылымдарға қарсы күрес жөніндегі бірлескен жұмыс жанданған.

Ыстамбұлдағы оқиға

Ыстамбұл қаласында Исмаилов есімді Қазақстан азаматына тапаншадан оқ атылып, қаза тапқан болатын. Жолға қойылған байланыс арналары мен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейінің арқасында кісі өлтіру қылмысы жедел түрде ашылған. Үш елдің полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде қылмыс жасаған екі адам ұсталған.

Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстың жасалу себебі, сондай-ақ, кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталған. Олар - трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық орта өкілдері және халықаралық іздеуде жүрген.

Өзге де қылмыстар

Алынған мәлімет Ішкі істер министрлігіне Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу дерегі үшін бас бостандығынан айырылған қылмыс әлемінің серкесінің басшылығымен әрекет еткен трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға ықпал еткен.

Алматы қаласында 2025 жылғы тамызда қала тұрғынын өлтіруге оқталған ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Қылмыс құралы ретінде тапанша тәркіленді.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.

"Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Түркия және Грузиядағы әріптестерімен өзара іс-қимыл аясында үш мемлекет аумағында трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция жүргізді. Алматы қаласында осы қылмыстық құрылым мүшелері ұсталды. Оларға бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

ІІМ мәліметінше, қаскөйлердің қылмыс жасауда көздегені - қылмыстық идеология элементтерін пайдалану арқылы диаспоралық топтардың кейбір өкілдерінің бизнесіне ықпал ету.

Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдіктілер ұсталған.

"Қазір белгілі болған барлық қылмыстық дерек бойынша дәлел жиналып, қылмысқа қатысы бар күдіктілер анықталып жатыр. Топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіледі", - деді Қуандық Алпыс. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!