Танымал блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында неліктен Шымкентке қоныс аударғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, блогердің 5 жастағы тұңғышы сөйлемей қойған, сондықтан ем алу үшін Шымкентке көшуге тура келіпті. Қазір Шымкентте тұрып жатқандарына 6 ай болды. Блогер баласына ерекше диагноз қойылғанына не себеп болғанын ашып айтты.
"Жүкті кезімде көп жыладым, бөлмеге қамалып алып үнемі жаман ойлар болды. Туылғанда басында кефалогематмамен туылды. Оны 40 күн толғанда ота жасап, басындағы ұйыған қанды 2 рет шприцпен алдырып тастадық. Ол неден пайда болды? Баланы дұрыс тумағаннан, тууға дайындалмағаннан, дәрігерлердің айтқанын дұрыс орындамағаннан. Бала 6 айлығында мен екіншімді көтеріп, дұрыс тамақтандырмай үнемі іш қатуды қолдан жасап алдық, еңбектемеді, көтенімен сырғып жүре береді. Бір жарым жасқа дейін бәрі дұрыс болды, екінші бала туылып үйге келгенде, үлкенім өз әлеміне кіріп кетті", - деп жазған ол.
Блогер баласына ерекше диагноз қойылғаны күйеуі мен өзінің қателіктерінің салдары деп санайды.
"Балаң қатарынан қалып, ештеңені түсінбей, тек айғайлай бергенде балаға ұрысып, ұрып алғаннан кейін өзімді кінәлі санап, "неге ұрдым, ауру бала туған өзім" деп өзімді жеп тастайтынмын", - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ырысбала Икрамбай ата-анасынан айрылған қызылордалық 8 балаға баспананың кілтін табыстағаны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Атмосфералық қысым артериялық қысымға қалай әсер етеді?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!