- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Ыңырсыған дауыс шықты“....
“Ыңырсыған дауыс шықты“. Алматы облысындағы жарылыс куәгерлері оқиға қалай болғанын айтты
Алматы облысы Жалпақсай ауылында болған жарылыста куәгерлер қолдарынан келгенін істеп баққанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгерлердің бірі қысылып қалған адамға көмектесуге тырысқандарын, бірақ қанша тырысса да ауыр бетонды көтеру бірден мүмкін болмағанын жеткізді.
"Қатты дауыстан жүгіріп келдім. Ыңырсыған дауыс шықты. Қысылып қалған адамға су бердік, жігіттермен бетонды көтермек болдық. Бірақ қанша жігіт жабылып жатсақ та көтере алмадық. Қатты қысылып қалды, сол себеп болған сияқты өлімге. Мұнда бәрі қирап жатты. Жарылысқа дейін жігіттер газдың иісі шыққандай болғанын айтты, бірақ мен келгенде ештеңе сезбедім. Біз көмектеспек болған адам үй иесі екен", – дейді куәгерлердің бірі.
Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы
Куәгерлердің сөзінше, жарылыс болған үй иелері мұнда тұрғанына көп болмаған.
"Бұл үйді енді бітіріп, кіріп жатқан еді. Бірінші қабаты толық біткен. Жоғарғы қабаты әлі де жасалып жатты. Жігіттер сол күні Газельмен келіп, заттар кіргізіп жатқан. Үйден газдың иісі шыққанын солар байқапты. Үйде жарықты жағып қалғанда жарылыс болған дейді. Бірақ нақтысын көзбен көрмеген соң айта алмаймын", - дейді куәгер.
Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы
Жарылыстан көрші үйлер де зардап шеккен. Тұрғындардың сөзінше, кемі 5-6 үйге зақым келген.
"Мен жұмыста болғанмын. Үйде 3 айлық балам мен әйелім бар еді. Жарылысты сол естіген. Өте қатты болды дейді. Үйдің терезелері сынып, аяғының астына түскен. Біздің терезе мен шатырға зақым келді. Тура жанындағы үйдің біраз бөлігі қирап қалған. Келесі үйдің карнизі толық түсіп қалды. Жарылған үйдің шатырының астында көлік қалып қалды", – дейді көршісі.
Фото: Massaget.kz / Нұрбол Ынтымақұлы
Жарылыстан едәуір зақым келген көрші тұрған үй иесі дел-сал күйде екенін жеткізді. Әзірге тек заттарды қирағалы тұрған үйінен шығарып алмақ.
"Жарылыстан қонақ бөлме, балалар бөлмесі, екінші қабат қирап қалды. Үйдің жағдайы да мәз емес. Қабырғасы опырылып кете ме деп қорқып тұрмыз. Сол үшін бар заттарды шығарып жатырмыз", – дейді көрші үйдің тұрғыны.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы