- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ықылықтан қалай жылдам...
Ықылықтан қалай жылдам арылуға болады?
Ықылық тисе, айналаңыздағы адамдар "не ұрладың" немесе "бізге айтпай не жедің" деп қалжыңдасуы мүмкін. Бірақ оның ғылыми себебі бар. Адамның негізгі тыныс алу бұлшықеті диафрагма деп аталады. Кенеттен бұлшықет тарылған кезде адамның тыныс алу ырғағы бұзылады. Нәтижесінде ол сыртқа ықылық ретінде шығады.
Біз асығыс тамақ ішкен кезде, бұлшықеттегі жүйке жүйесінің талшықтары қысылады да, қозу үрдісі жүреді. Бұл эффект салқын температуралы жерде немесе қорыққан кезде кенеттен ішке тыныс алғанымызда да байқалады. Жүйкенің қысылуына ағза жылдам жауап береді: ол орталық жүйке жүйесіне белгі жібереді, ал ағза қорғану үшін өздігінен диафрагманы қысады. Осылайша, ағзамыздың бар әрекетіне жауапты жүйке жүйесінің талшықтарын босатамыз. Яғни, ықылық – ағзаның қорғаныш реакциясы.
Физиологтар диафраграмманың қысылуын не тудыратынын барлық кезде бірдей түсіне бермейді. Оның себептері өте көп: байқамай ауа жұтып қоюдан бастап қауіпті жүйке ауруларына дейін. Жалпы ықылық өмірге қауіпті емес, бірақ ол жағымсыздық сыйлайтыны рас. Ықылық тигенде тамақ ішу және су ішу, ұйықтау қиынға соғады.
Ықылықтан қалай арылуға болады?
Әдетте ықылық өздігінен кетеді. Ол бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы мүмкін. Ықылықтан жылдам арылу үшін мына әдістерді байқап көріңіз:
- 10-20 секунд демалмаңыз. Содан соң жайлап тынысыңызды шығарыңыз. Қажет болса, қайталаңыз;
- Қағаз пакетке тыныс алыңыз. Шағын қағаз пакет алып, онымен мұрныңыз бен аузыңызды жауып, баяу тыныс алыңыз. Пакет үрілуі және босауы керек;
- Тізеңізді құшақтаңыз. Ыңғайлы жерге отырып, тізеңізді құшақтаңыз;
- Бір стақан суық су ішіңіз. Суды жылдам ішіңіз. Сондай-ақ құлағыңызды жауып, суды түтікшемен ішуге болады;
- Мұз сорыңыз. Мұзды бірнеше минут сорып, ол кішірейген кезде оны жұтып қойыңыз;
- Өткір дәмі бар бірдеңе жеңіз. Мысалы, лимон немесе қызанақ;
- Құсу рефлексін шақырыңыз. Ол үшін аузыңызға саусағыңызды салып, тілдің түпкі жағын басуға болады;
- Тіліңізді шығарыңыз. Тіліңізді сыртқа барынша шығарып, қолыңызбен астыға қарай тартуға болады;
- Өткір иісі бар нәрсені иіскеңіз. Мысалы, спирт;
- Басқа нәрсеге алаңдаңыз. Кейде ықылықтан арылу үшін ол жайлы ойламау керек. Мысалы, есеп шығарыңыз.
Оқи отырыңыз: "Ауызға қышқыл дәм келеді". Кекірудің қауіпті белгілері
А. Жапатова