- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ыдысқа жинаған азғантай...
"Ыдысқа жинаған азғантай сумен суарып жүрміз". Ақтауда шаруалар дабыл қақты
Ақтауда бағбандар өнімдері қурап қалғанын айтып дабыл қақты. МАЭК су беруді тоқтатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.
Светлана Кузнецова 27 жылдан бері көкөніс пен жеміс-жидек өсірумен айналысады. Алғашқыда кәсіпті жүз шаршы метр жерден бастаған ол бақшаның аумағын бірнеше сотыққа ұлғайтқан. Жеміс алқабын бір суарғанда 800-900 литр су қажет. Соған сай, өнімін де алып отырған. Енді бірнеше жылдық еңбек тіршілік көз жоқтығынан қурап кеткен.
"Осы 300 шаршы метр бірнеше отбасыны асырап келді. Шие суарылмай күйіп кетті. Астраханнан әкеліп отырғызған көшеттер қурап қалды", - деді бағбан Светлана Кузнецова.
"График уақыты сақталмады. Үш аптадан бері су жоқ. Ыдысқа жинаған азғантай сумен суарып жүрміз. Бірақ құлпынай, таңқурай қурап, бітуге айналды", - деді бағбан Сисенғали Оразов.
Аймақта ауызсуды тұтыну көбейгенде немесе теңіз суының температурасы көтерілгенде шаруашылыққа су беру уақытша тоқтатылады. Бұл туралы шаруалар мен МАЭК мекемесінің арасындағы келісімшартта жазылған. Тіршілігі тіршілік нәріне байланған Ақтау көшелері де абаттандырылмай тұр. Үш ай бұрын ғана қала көркін ашсын деп отырғызылған көшеттердің жағдайы мәз емес.
"Ауызсу тапшылығына байланысты шағынауданның іші мен саябақтардағы жасыл желектерді суару кестесі түнгі ауысымға өтті. Өйткені күндіз судың қысымы өте нашар. Кестеге сәйкес суару жұмыстары жүріп жатыр. Қазір бұл мәселе мердігер мекеменің жауапкершілігінде. Егер уақытылы суарылмай, қураған ағаштар болса, орнына басқа көшеттер отырғызу - олардың міндеті", - деді Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Нұрбол Әділов.
Мамандар 2019 жылы ағаш пен бұтаға статистикалық санақ жүргізген. Соған сәйкес, олардың саны 90 мыңға жеткен. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға азайған. Көпті алаң қылып, көшетті қуратқан судың жыры жақын күндері бітпейді. Мәселе күннен-күнге ушығып бара жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова