Ясауи кесенесінің түбінен түнгі клуб салғысы келгендер болған

Ясауи кесенесінің түбінен түнгі клуб салғысы келгендер болған
Фото: © kozhalar.kz

Депутат Абзал Құспан Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің түбінен түнгі клуб ашқысы келген кәсіпкерлер болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Құспанның мәлімдемесі

Мәжіліс отырысында депутат былтыр болған оқиғаны еске алды.

"Түркістан қаласына киелілік дарытып тұрған - Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Тағы бір әріптесім Ардақ Назаров дұрыс атап өтті. Кие сақтауды қажет етеді. Адамдардың тікелей көмегін қажет етеді. Мысал үшін, 2023 жылы Түркістанда болған бір оқиғаны айтып берейін. Осы кесененің түбінен алматылық немесе астаналық кәсіпкер түнгі клуб ашпақ болды. Жергілікті ақсақалдар бас көтеріп, қарсылық танытып, түнгі клубты ашқызбай тастады. Дәл сол кесененің түбінде түнгі клуб ашылып, Ардақ Назаров айтқандай, арақ ішіп тайраңдап, таңға дейін музыка ойнап жатса, неше түрлі арсыз қылықтар болып жатса, Түркістанның киелілігінен не қалар еді?! Сондықтан менің ойымша, киелілігін сақтау деген ұстаным - дұрыс енгізілген ұстаным", - дейді Абзал Құспан.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатпауды ұсынды.

"Заң аясында Түркістан - рухани астанамыз, Түркістан - арақсыз қала деп Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ?! Өйткені рухани астана деп отырмыз, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек", - деді Назаров.

Түркістан қаласы туралы заң жобасы

Келесі жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Мәжіліс "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.

Енді Түркістанда Ясауи кесенесі төңірегіндегі құрылыс жұмыстары шектеледі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова