Яндекстегі ақау: депутат азаматтардың жеке дерегі қаншалық қорғалғанын сұрады

Яндекстегі ақау: депутат азаматтардың жеке дерегі қаншалық қорғалғанын сұрады
Фото: depositphotos.com / Primakov

Депутат Ләззат Жылқыбаева Құрылтай отырысында азаматтардың жеке дерегі қаншалық қорғалғанын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

"Нақты қай елде өңделетінін анықтау қажет"

Ол Бас прокурор Берік Асыловқа, премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.

"Бәрімізге мәлім, 11 қазанда Қазақстан азаматтары "Яндекс" компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақау деп түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың жеке дерегі сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем дерегін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл дерек нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді", - деді ол.

Балалардың да дерегі тарап кетіп жатыр

Тағы бір мәселе - азаматтардың жеке дерегі ашық жариялануы. Жақында Қызылорда облысы Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің жеке дерегін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған болатын. Ал Семей қаласында қызметкерлермен қатар, 344 кәмелетке толмаған баланың дерегі ашық қолжетімді болған.

"Бұл деректі алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда, өзіміз туралы мәлімет тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Бұл деректі кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз?" - деп сұрады ол.

Ләззат Жылқыбаева балалардың мәліметіне мұқият қарау қажет екенін айтты. Оның сөзінше, баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. 

Депутат бірқатар ұсыныс жасады:

  • "Біріншіден, 11 қазандағы жағдайға байланысты жеке дерек трансшекаралық деңгейде берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет.
  • Екіншіден, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың жеке дерегін жинау заңдылығын тексеру қажет.
  • Үшіншіден, биыл маусымда заңнамаға жалпыға қолжетімді көздерде жариялауға болмайтын жеке деректі бүркемелеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда бұған дейін айтылған жайттар осы талаптар сақталуын тексеру қажет екенін көрсетті.
  • Төртіншіден, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдар тексеріс жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет.
  • Бесіншіден, жеке дерегі заңсыз жарияланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет".

Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған "Яндекс" сервистері істен шықты. 

Бұған дейін Ресейдегі "Яндекс" деректер орталығына жасалған кезекті шабуыл салдарынан елдің ірі қалаларында, соның ішінде Мәскеу мен Санкт-Петербургте тұрғындар такси шақыра алмай отырғаны айтылған еді. Беларусь пен Арменияда да осындай ақау байқалған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget