Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов нарықтағы ірі такси компаниясына қатысты мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Көлік министрі Марат Қарабаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.
Депутат Мұрат Әбенов көлік министріне "Яндекс" компаниясына қатысты маңызды сауал жолдады.
"Өзін-өзі реттеу заңдылығы бізге керек. Ең басты біздің ойымыз - бәсекелестік болсын, ақпарат ашық болсын дейміз ғой. Реттеуге де оңай. Бірақ бұл жартылай құрал емес пе?! Барлығымыз біліп отырмыз ғой, ең негізгі монополист "Яндекс такси". Олар "Яндекс" картасы арқылы басқа бірде-бір жүйені кіргізбейді. Америкалық Uber кіріп көрді, шығарып жіберді. Қытайлықтар кірді, шығарып жіберді. Бір өзі қалды. "Яндекс" қазір әкімшіліктерге ақпарат бермейді. Қай жерде қаншама көлік жүр, қандайы тіркелді, ешқандай ақпарат жоқ. Сіздерде де жоқ ол ақпарат. "Яндекс" сияқты платформа кіргізу жоспарда бар ма? Болмаса, барлық жасап жатқанымыз нәтиже бермейді. "Яндекске" біреуі қарсы шықпайды. Таксопарктер "Яндекс" не айтады - соны жасайды. "Яндекс" қазірдің өзінде бізді қорқытып отыр. "Маған көп тиісе берсеңіздер, өшіріп тастаймын, халықтың бәрін шулатамын" деп отыр. Не жасаймыз? Алдын алуды ойлап жатырсыздар ма? Қандай шешім қабылдауға болады?" - деді Мұрат Әбенов.
Көлік министрі Марат Қарабаев қазір жеткізу қызметімен айналысатын қандай компаниялар бар екенін, болашақта нарыққа қандай компания қосылуы мүмкін екенін айтты.
"Заңда осындай агрегаттар міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға кіруі қарастырылған. Міндетті түрде кіреді. Ертең бекітілетін қағида және стандарттың арасында толық ақпарат беруін, өзіне мүше болған қарапайым жүргізушілерге де ақпарат беруін қарастырамыз деп отырмыз. Қазір нарықта "Яндекстен" басқа тағы жетеуі бар. "Апару" Өскеменде істеп жүр. Жаһандық брендтің арасында да жоспарымыз бар. Еуропада жақсы еңбек атқарып жүрген тағы да бір компания бар. Атауын қазір атап өткім келмейді. Жалпы сол компаниямен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Соны нарықтағы үшінші ойыншы ретінде алып келу жоспарымызда бар", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін сарапшылармен сөйлесіп, отандық компанияларды дамытуға не кедергі екенін сұрадық.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!