Яна Легкодимованың өліміне кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Алтынбек Қатимов пен Ризуан Қайыржанов әлі күнге дейін Атыраудағы тергеу изоляторында отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандар жазасын өтеу орнына жеткізілмегенін мәлімдеді.
"Өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандар қазір Атырау облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторында отыр. Оларды тасымалдау үшін Ұлттық ұланның арнайы қарауылын бөлуге өтініш жіберілді", - деді Атырау облысы ҚАЖД бастығы Азамат Ізтілеуов.
Оның айтуынша, арнайы қарауыл бөлінгеннен кейін сотталғандар әрі қарай жазасын өтеу орнына жеткізіледі. Сонымен қатар, этаппен жіберудің нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Бұған дейін марқұмның анасы Галина Легкодимова Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, сотталғандар колонияға қашан жіберілетінін сұраған болатын.
Айта кетейік, 23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылы 19 қазанға қараған түні өлтірілген. Қыздың сүйегі сегіз ай өткен соң Жайық өзенінің жағасынан табылды.
20 қазанда полицияға қыздың анасынан оның хабар-ошарсыз кеткені жөнінде хабар түскен. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздеген.
Кейін каладағы бейнекамералардың жазбалары қаралып, күдікті көліктің жүру бағыты тексерілген. Осылайша қызды алып кеткен екі ер адам анықталған. ІІМ мәліметінше, бірі қылмысты өз қолымен жасаса, екіншісі оған қылмыс ізін жасыруға көмектескен.
Осылайша сот әрқайсына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова