Яна Легкодимованы өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Алтынбек Қатимов пен Ризуан Қайыржанов жазасын өтеу орнына жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәліметінше, сотталғандар 19 сәуірде арнайы вагонмен жеткізілген.
Айта кетейік, бұған дейін сотталғандар жазасын Қостанай облысындағы №39 төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтіні белгілі болды. Бұл жер - "Қара бүркіт" деген атаумен танымал, еліміздегі ең жабық әрі қатаң күзетілетін түзеу мекемесі.
Жуырда марқұмның анасы Галина Легкодимова Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдап, сотталғандар колонияға қашан жіберілетінін сұраған болатын. Кейін сотталғандарды колонияға жеткізу үшін арнайы қарауыл сұралды.
Еске салайық, 23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылы 19 қазанға қараған түні өлтірілген. Қыздың сүйегі сегіз ай өткен соң Жайық өзені жағасынан табылды.
20 қазанда полицияға қыздың анасынан оның хабар-ошарсыз кеткені жөнінде хабар түскен. Тәртіп сақшылары Янаның түр-сипатына, ерекшеліктеріне қарай сұрау салып, іздеген.
Кейін каладағы бейнекамералардың жазбалары қаралып, күдікті көліктің жүру бағыты тексерілген. Осылайша қызды алып кеткен екі ер адам анықталған. ІІМ мәліметінше, бірі қылмысты өз қолымен жасаса, екіншісі оған қылмыс ізін жасыруға көмектескен.
Сот әрқайсына өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!