Яхтасы бар байлар мемлекет қазынасына қанша төлеп жүр?

Яхтасы бар байлар мемлекет қазынасына қанша төлеп жүр?
Фото: elements.envato.com

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қазіргі кезде жауапты ведомстволар сән-салтанат салығын арттыру бағытында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Бұл - Президент жүктеген тапсырмалардың бірі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазір жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтың онсыз да прогрессив шкаласы бар. Яғни, мүліктің құны неғұрлым жоғары болса, салық мөлшерлемесі де соғұрлым жоғары болады. 0,01 пайыздан 1,5 пайызға дейін", - деді Әмрин.

Ведомство өкілі меншігінде бірнеше жылжымайтын мүлкі бар азаматтарға жаңа шкала қалай әсер ететінін де түсіндірді.

"Мысалы, 10 пәтері бар меншік иесінің иелігіндегі әр пәтерді жеке алып есептесе, салық мөлшерлемесі әр пәтер үшін жеке есептеледі. 1 бөлмелі пәтерінің құны 20 миллион теңге болса, салық мөлшерлемесі басқаша болады. Ал егер 10 пәтердің құнын қосып есептесек, 200 миллион теңге болады. Сәйкесінше, 200 миллион теңгеге салынатын салық мөлшерлемесі де жоғары болуы керек. Сондықтан осындай санаттар үшін мүлік салығы жиынтық құнына байланысты есептелуі керек. Тиісінше, салық мөлшерлемесі де жоғары болады", - деді вице-министр.

Жауапты шенді жеке яхтасы мен ұшағы бар қалталы азаматтар көлік салығын көбірек төлеуі тиіс деп санайды. Қазір олардың төлеп жүрген салығы 15 мың теңгеге де жетпейді.

"Елімізде жекеменшік ұшақтары мен яхталары бар салық төлеушілер де жеткілікті. Олардың салығын да зерделеу үстіндеміз. Қазір олардың бір нысан үшін төлейтін сомасы шамамен 13 мың теңгенің айналасында. Мұны бірнеше есе көтеру керек. Ахуалды түзеуіміз қажет. Яғни, яхталар мен ұшақтардың салығын ұлғайтамыз", - деді Азамат Әмрин.

Ал Сенат депутаты Бекболат Орынбеков ұсынған деректерде ел тұрғындарының иелігінде 490-нан аса яхтасы бар екені көрсетілген. Оның сөзінше, сән-салтанат салығы мәселесі жаңа Салық кодексінде 3 бағытты қамтиды. Оның алғашқысы - жылжымайтын мүлік.

"Шамамен еліміздің 3,8 миллион тұрғынында 6,8 миллион жылжымайтын мүлік нысаны бар. Екінші - сән салтанат мәселесі. Көлік туралы айтсақ, құны 50 миллион теңгеден жоғары көліктерге прогрессив шкала белгіленуі мүмкін. Бізде Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігінде 500-ге жуық яхта бар. Үшінші бағыт - арақ-шарап өнімдерінің салығы", - деді сенатор.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz