- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ядролық сынақтан зардап...
Ядролық сынақтан зардап шеккендерге берілетін үстемеақыны екі есе ұлғайту ұсынылды
Депутат Нұртай Сабильянов Семей полигонынан зардап шеккендерге көмекті ұлғайтуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, Абай облысының тұрғындарымен кездесулер кезінде, Семей полигонындағы 468-ден астам жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіруге байланысты мәселелер жиі көтерілген.
Бірінші. Зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше радиациялық қауіпті және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға берілген.
Ал радиациядан зардап шеге тұрып, басқа аймақтарға көшіп кеткен және зейнетке 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін шыққандарда бұндай құқық жоқ.
Екінші. Қосымша еңбекақы және жыл сайынғы қосымша ақылы демалыс тек қана зардап шеккен аймақтарда тұрып жатқан азаматтарға ғана беріледі.
Басқа аймақтарға көшіп кеткен азаматтар бұл құқықтармен қамтамасыз етілмеген.
Үшінші. Барлық жұмыс берушілер жыл сайынғы қосымша демалысты төлей алмайды және басқа да қажетті төлемдерді толық қамтамасыз етпейді, себебі бұл үшін қаржылық мүмкіндіктері жоқ.
Төртінші. Зардап шеккендердің барлығы уақтылы медициналық тексерістен өтпеген және оларға тиісті диагностика жасалмаған. Оңалту орталықтарында да ем алу қолжетімсіз.
Бесінші. Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – ол зейнетке шығу жасын төмендету.
Алтыншы. Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінің тұрақты жұмыс орны жоқ. Осыған байланысты, олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмайды.
"Сонымен қатар, өткен жылдарда осы мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарға жауап ретінде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізіп, қорытындысы бойынша осы өңірдің азаматтарын әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіріп, сондай-ақ сәулеленудің жеке дозасының шамасына байланысты медициналық-әлеуметтік көмек көрсету өлшемдерін қайта қарайтынын атап өткен. Бүгінде зерттеулер толық жүргізіліп бітті", - дейді депутат.
Бұл айтылғандардың негізінде Нұртай Сабильянов келесі мәселелерді қарастыруды сұрады.
- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет атынан жүзеге асыру;
- ядролық сынақтардан зардап шеккен, бірақ елдің басқа өңірлеріне көшіп кеткен азаматтарға заңнамамен көзделген барлық құқық пен жеңілдіктерді беру;
- зардап шеккен азаматтарға берілетін үстемеақылардың барлық түрлерін екі есеге ұлғайту және жыл сайынғы қосымша еңбек демалысын төлеуге мемлекеттік қолдау көрсету;
- барлық зардап шеккен азаматтарға толық кешенді медициналық тексеру жүргізу және медициналық оңалту ұйымдарда емделуін қамтамасыз ету;
- оңалту орталықтары мен мамандандырылған шипажайлардың санын көбейту.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина