XVI ғасырдан XXI ғасырға дейін. Қазақ Конституциясы қалай өзгерді?

XVI ғасырдан XXI ғасырға дейін. Қазақ Конституциясы қалай өзгерді?
Фото: © Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстанның қазіргі Конституциясының қабылданғанына биыл 27 жыл толып отыр. Бұл жылдар аралығында Ата заңға 6 рет түзету енгізілді. Ал қазақ халқының заңы сонау XVI ғасырдан бастау алады. Massaget.kz тілшісі Конституцияның Қазақ хандығының құрылғанынан бастап қазірге дейін қалай өзгергеніне шолу жасады.

"Қасым ханың қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы"

Қазақ хандығы тұсында да қазақтардың өзіндік заңдары болғаны белгілі. XVI ғасырда жарық көрген Қасым хан қабылдаған заң ел ішінде "Қасым ханың қасқа жолы" атанып кетті, кейін осы заң негізінде Есім хан тұсында "Есім ханның ескі жолы" мен Тәуке ханның тұсында билер кеңесімен жасақталған "Жеті жарғы" пайда болды. 

Алғашқы қазақ Конституциясы

1911 жылы болашақ тәуелсіз Қазақстанның алғашқы құқықтық құжатын Барлыбек Сыртанов жасады. Ол "Қазақ елінің уставы" деп аталған құжаттың жобасын әзірледі. Негізгі идеясы - ұлттық егемен мемлекетті қалыптастыру. Құжат небәрі 28 баптан тұрды. Алайда бұл Конституция қабылданбаған жоқ. 

e-history.kz

"Алаш" партиясының бағдарламасы

"Алаш" партиясының бағдарламасы 1917 жылғы 21 қарашада "Қазақ" газетінде жарық көрді. Құжаттың құрылымы сол кездегі еуропалық мемлекеттердің заңына сәйкес жасалды. Жаңа құжатта ұлттық автономиялардың құрылуы, мемлекет билігінің үш тармаққа бөлінуі, сайлаудың жалпыхалықтық сипаты сынды бөлімдер қарастырылған еді. 1917 жылғы Конституцияға сәйкес, КСРО бiртұтас одақ, көп ұлтты және социалистiк мемлекет болып жарияланды.

e-history.kz

 Советтік Қазақстан кезіндегі бекітілмеген тұңғыш Конституция

1924 жылы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы заңының жобасы тек жергілікті деңгейде қабылданып, 2 жылдан кейін Бүкілресейлік орталық атқару комитетіне бекіту үшін жіберіледі. БОАК-да құжат қарастырылмаған, алайда автономиялы республиканың барлық органы бұл конституцияны басшылыққа алды.

КСРО кезінде қабылданған Конституция

1937 жылы 26 наурызда Бүкілқазақстандық Кеңестердің X съезі "Кеңестік Социалистік Қазақстанның жаңа Конституциясын" қабылдау туралы қаулы қабылданды. Бұл құжат бойынша Совет Одағының құрамында Қазақ КСР құрылды. Екінші Конституция 1978 жылғы 20 сәуірінде бекітілді. Бұл құжат кейін 1993 жылғы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеуге негіз болды. 

izi.travel 

Тәуелсіз Қазақстан Конституциясы

1991 жылғы 16 желтоқсанда "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" ҚР Конституциялық Заңы қабылданды. Бұл уақытта 1978 жылғы Конституцияның нормаларының және басқа заңнамалық актілердің заңдық күші жойылмаған. 

Қазіргі Конституция

1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Конституциясы қабылданды. Конституцияны әзірлеу кезінде Нұрсұлтан Назарбаев конституцияны құру саласындағы шет елдердің тәжірибесін зерттеді. Кейін 1995 жылғы Конституция мемлекеттік билікті ұйымдастыру және бөлу саласындағы АҚШ-тың тәжірибесін пайдаланды. Тұлғаның құқықтық мәртебесі туралы айтқанда, негізгі заңымыз француздық Конституцияға жақын.

Қазіргі Конституциядағы өзгертулер мен түзетулер

ҚР қазіргі Конституциясына өзгертулер мен түзетулер 1998 жылғы 7 қазанда, 2007 жылғы 21 мамырда, 2011 жылғы 2 ақпанда, 2017 жылғы 10 наурызда, 2019 жылғы 23 наурызда, 2022 жылғы 8 маусымда енгізілді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек