Wildberries қоймалары Қазақстанға көшіріле ме? Министрлік мәлімдеме жасады

Wildberries қоймалары Қазақстанға көшіріле ме? Министрлік мәлімдеме жасады
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі өкілдері "Wildberries компаниясы елде логистикалық инфрақұрылымын кеңейтуі мүмкін" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство ірі халықаралық сауда платформаларының логистикалық инфрақұрылымының даму үрдістерін тұрақты түрде бақылап отыратынын мәлімдеді.

"Қазір Wildberries компаниясынан Қазақстан аумағында қосымша қойма орналастыру мәселесіне қатысты ресми өтініш түскен жоқ. Тиісті ұсыныстар түскен жағдайда олар Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Министрлік үшін халықаралық компаниялардың кез келген жобалары елдің ұлттық мүддесіне сай, өзара тиімді негізде жүзеге асырылуы маңызды", - деп жазылған хабарламада.

Министрлік мәліметінше, мұндай жобалар отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс.

"Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ, трансшекаралық электрон сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды. Сонымен қатар, тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы және Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормалары бойынша реттеледі. Нарықтың кейбір қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдайлар немесе арнайы талаптар көзделмеген", - деді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, кейінгі апталарда Wildberries-тің Ресейдегі бірнеше логистикалық нысанында өрт шықты. Кейінірек Ресейлік БАҚ-та "Wildberries маркетплейсін дамытушы RWB тобы Қазақстаннан бос қойма іздей бастағаны" туралы ақпарат пайда болды.

Онда компания 100 мың шаршы метрге жуық алаңды жалға алу мүмкіндігін қарастырып, нарықтағы қолжетімді ұсыныстарды зерттеп жатқаны айтылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget