Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким Alatau City-де AÑSA HUB атты көпфункционалды хаб құрылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жобаның эндаумент қорының көлемі - 100 миллион доллар. Ким AÑSA HUB құрылатыны туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында өткен іс-шаралар барысында жариялады.
Хаб Вячеслав Кимнің Alatau City және бүкіл Қазақстан аумағындағы білім беру және инфрақұрылымдық жобаларын іске асырады. Тағы бір бағыт - ғылымды дамыту және коммерцияландыру. Осы мақсатта Қазақстан мен Орталық Азия ғалымдарын, университеттерін, сондай-ақ, шетелдік жетекші зерттеушілер және инвесторларды біріктіру жоспарланған.
Сонымен қатар, AÑSA HUB инновациялық жобаларға венчурлық инвестициялар салып, ғылым, өнер, мәдениет және спорт салаларына гранттар бөледі.
"Қазақстан бизнесті дамыту мен өркендетуге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Kaspi.kz секілді бизнес модельдердің басқа елдерде дәл осылай жұмыс істеуі екіталай десек, артық айтқандық емес. AÑSA HUB-ты құру - еліме деген алғысым мен ризашылығымның көрінісі. Қазақстан әлемге өз таланттарының дамуына барлық жағдай жасайтын, озық ойлы ел ретінде танылғанын қалаймын. Қазақстан мен Alatau City білім алуға немесе инновациялық жобаларды дамытуға ұмтылған дарынды жандардың басын қосатын орталыққа айналуы үшін бар күшімді саламын", - деді Вячеслав Ким.
Бұл ретте AÑSA HUB өкілдері қор қаржыландыруға лайық жобаларды өз бетінше іздеп, іріктейтінін баса айтты. Қаржыландыруға өтініштер қабылдау қарастырылмаған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!