"Волонтерлік - қазақтың қанында бар қасиет". Еріктілер жұмысына қандай қолдау бар?

"Волонтерлік - қазақтың қанында бар қасиет". Еріктілер жұмысына қандай қолдау бар?
Фото: Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған

Қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмек қолын созу, жаны жайсаң жомарт болу. Санамаланған осы қасиеттердің барлығы ежелден қазақтың қанында бар, олар - тәрбиемен, дәстүрмен дарыған ізгі амалдар.

Волонтерлердің жұмысы ерекше мәртебеге, марапатқа лайық. Мемлекет тарапынан да еріктілерді қолдау, олардың қайырымдылық әрекеттерін дәріптеу басты назарда. Massaget.kz тілшісі еліміздегі волонтерлердің жұмысына шолу жасап, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілімен сұхбаттасты.

Волонтерлік - ерлікке тең

Қазақстанда еріктілердің жұмысы отыз жылдай уақыт бұрын, 1993 жылдан бастау алған деген деректер бар. Бірақ біраз уақытқа дейін олар бейресми түрде жұмыс істеген. Ал заң жүзінде 2016 жылы "Еріктілер қызметі туралы" заң қабылданған. Оның үстіне еліміз Біріккен ұлттар ұйымының волонтерлер қозғалысына мүше мемлекеттер тізіміне енеді. Қазақстанда арнайы волонтерлер күні де аталып өтіледі. Бұл үрдіс кейінгі жылдардан бастау алды. Дегенмен еріктілердің көзсіз ерлігі үнемі мадақталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та волонтерлердің жұмысын нағыз ерлікке, батырлыққа балаған еді. Жастар жылынан кейін 2020 жылы Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланды. 

Еріктілер жеке азаматтарға қол ұшын созудан бөлек, ірі төтенше жағдайлар мен апаттар кезінде "жұмыла жүк көтереді". Биыл су тасқыны апатында да волонтерлердің жұмысы айрықша көрінді. Олар гуманитарлық көмек жинап, тасқын судан зардап шеккен халықтың керек-жарағын түгендеуге атсалысты. Осылайша, 50 мыңнан аса ерікті көмек жіберген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық осындай ауыр сынаққа ұшырағанда, волонтерлердің көмекке келуін ерекше атап өтіп, олардың ортақ істен шет қалмағанына ризашылық білдірді.

©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Президент үнемі волонтерлік жай жұмыс не болмаса әлеуметтік құбылыс қана емес, бала шақтан адам бойына даритын қасиет екенін, бұл көмек беруге даяр адамдардың өмір салты екенін де айтқан болатын. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды кішкентай кезінен-ақ ерікті ретінде күш-жігер жұмылдыруға тәрбиелеудің маңызы зор екенін мәлімдеді. Ал жауапты органдарға білім ошақтарында волонтерлердің жұмысын дәріптейтін сабақтар, соның ішінде факультатив сабақтар қосуды тапсырды. 

Қазақстанда қанша волонтерлік ұйым бар?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанда еріктілікпен айналысатын ұйымдардың саны үш есеге өскенін, 600-ден аса ұйым бар екенін айтқан болатын. Ал ізгілікке жаны құмар еріктілердің саны екі жүз мыңға жуықтаған. Қазақстанда еріктілерге кең мүмкіндік жасалып жатқанының тағы бір көрінісі - олардың шетелдерде, соның ішінде Кения, Таиланд, Түркия, т.б. елдерде тәжірибе жинақтай алуы. 

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған

Сонымен қатар, 2021-2023 жылдарға арналған, екі жылдық "Волонтерлікті дамыту жол картасы" атты жол картасы аясында көптеген жоба жүзеге асырылған. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінің былтырғы деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 680 волонтерлік ұйым бар. 240 мыңнан аса ерікті жұмыс істейді. Ал бүкіл Қазақстан бойынша 20 фронт-офис жұмыс істейді. Бір ғана Астананың өзінде елуге жуық волонтерлік ұйым бар екені, онда 50 мыңнан аса ерікті жұмыс істейтіні де айтылды.

Qazvolunteer.kz жобасы туралы не белгілі?

Қазақстанда арнайы QazVolunteer.kz жобасы да құрылған еді. Бұл дегеніміз - еріктілердің жұмысын дамыту, дәріптеу мақсатында Қазақстан бойынша бүкіл еріктілер ұйымдарын біріктіретін орталық, алаң.

qazvolunteer

Бұл жоба 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Qazvolunteer.kz жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ұлттық волонтерлер желісімен бірге дайындаған. Ұлттық волонтерлер желісі - 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, еріктілердің жұмысын қалыптастырып, қолдау мақсатында ашылған бірлестік.

Қазақстан бойынша волонтерлер тек апат кезінде жұмыс істеп қоймай, ел үшін маңызды іс-шараларға да белсене қатысады. Бұл қатарда саммиттерді, халықаралық көрмелерді, форумдарды айтуға болады.

Алматыдағы Волонтерлер фронт-офисі әркез көмекке дайын

Елімізде волонтерлікпен айналысатын "Lider.kz", "Best for kids", "28 петель", "Қамқоршылар клубы" секілді ұйымдар бар. Бұлардың қатарында халықтың алғысына бөленіп жүрген Алматыдағы Волонтерлер фронт-офисін де ерекше атауға болады.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мәліметінше, қалада жалпы саны 50 мыңнан асатын 30 ірі ұйыммен жұмыс істейтін қалалық волонтерлер фронт-офисі бар.

Фронт-офис биылғы су тасқыны апатында да көмектен шет қалмаған. 29 наурыздан бастап 15 сәуірге дейінгі аралықта Алмалы ауданында орналасқан комьюнити орталықта апаттан зардап шеккен өмірлерге гуманитарлық көмек қабылдайтын пункт жұмыс істеген. Күн сайын таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 19.00 аралығында көмек қабылдаумен айналысқан еріктілер оны 24.00-ге дейін санап жинаған.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған

Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде бір жарым айдан аса уақыт ішінде 592 тонна көлемінде көмек жиналған. Мұның ішінде азық-түлік те, гигиеналық құралдар да, киім-кешек те, тұрмыстық заттар да қамтылған. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының баспасөз хатшысы Мейіржан Келемеденов мәлімдеді.

"Орал қаласына 70 тонна көлемінде, Атырау облысында 268 тонна көлемінде, ал Ақтөбе облысына 44 тонна, Петропавл қаласына 140 тонна, Қостанай облысына 70 тонна көмек жіберілді. Бұл жұмыстарға отыздан аса волонтерлік ұйым, соның ішінде 200 ерікті, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтынан жүзден аса курсант қатысты. Оған қоса еріктілеріміз су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге, соның ішінде Ақтөбе облысына, Атырау облысына, Батыс Қазақстан облысына көмекке барды", - деді Жастар саясаты басқармасының баспасөз хатшысы.

Қаланың волонтерлері ірі төтенше жағдайлар кезінде тез арада жұмыла біледі. Соның айқын дәлелі - былтыр Абай облысындағы тілсіз жау - орман өрті кезінде 5 тоннадан аса гуманитарлық көмек жіберуі.

Алматылық еріктілер Түркиядағы алапат зілзала кезінде де көмекке ұмтылған. Былтыр бауырлас елде болған жер сілкінісінен зардап шеккен түрік халқына 50 тоннадан аса көлемде гуманитарлық көмек жіберілген.

Бұдан бөлек Волонтерлер фронт-офисі демеушілердің көмегімен аз қамтылған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға да көмектеседі. Жастар саясаты басқармасы мәліметінше, аз қамтылған 10 мыңдай отбасыға, 350 жетім балаға, 800-ге тарта қартқа көмек көрсетілген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова