Волонтер ма, алаяқ па: Автобустарда емге ақша жинап жүргендер кім?

Алматы тұрғыны автобуста жәшігін арқалап, әлдебір науқас баланың еміне ақша жинап жүрген жігітке наразылығын білдірді. Соңғы уақытта қайырымдылық қорлардың мұндай әрекеті жиілеп барады. Бұл волонтерлік па, әлде алаяқтар ма?! Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.

Қала тұрғыны жергілікті пабликтердің біріне осы бейнені жүктеп, өз наразылығын білдірген.

"Бүгін сағат 19-00-де 85-ші автобусқа қорапшасы бар жас жігіт кіріп, тұрғындарды мазалап, қайыр сұрай бастады. Полиция, шара қолдануыңызды өтінемін. 2024 жылы 28 шілдеде Сүйінбай көшесінде болған", - дейді қала тұрғыны.

Бізді қызықтырған пікір мынау болды.

"Бірде мен осы жұмысты істеп жүрген жеткіншектермен сөйлестім. Олар Шымкенттен келіпті. Алматыда 50 адам, 25 қыз, 25 ұл екі үй жалдаған. Ұлдар бөлек, қыздар бөлек жатады екен. Таңертең әр даңғылдың бойына бөлініп, жұмыс жасайды. Олардың жалақысы жоқ, қайырымдылық қорлары тек тамақ үшін төлейді және баспанамен қамтамасыз етеді екен. Балалардың барлығы колледжде оқиды. Олар сессияны жабуға уәде берген. Балалар кімге жинап жатқанын білмейді. Кешке кассаны тапсырады, болды", - делінген пікірде.

Бұл деректің өтірік-шынын тексеру үшін аялдамалардағы қайырымдылыққа қаражат жинап жүрген балалардың бірін сөзге тарттық. Біз жолықтырған кейіпкердің есімі Әли. Оның жасы 17-де. Алматыда "Рухани бастама" қорында жаздан бері жұмыс істейді екен. Бір қызығы, пікірде айтылғандай, ол Шымкенттен келген. Алматыда өзі жұмыс істеп жүрген қор үй жалдап береді екен. 

"Өзім Шымкент қаласынанмын. Біз ақша үшін жұмыс істемейміз, бұл волонтерлік жұмыс. Дегенмен тамағымыз бен тұратын жерімізді қор қамтамасыз етіп береді. 6-7 бала күніне 6 сағатқа жуық жұмыс істейміз. Алматыда бұндай қорлар көп, бірақ ақшаның бәрі бір жерге түседі. Сол үшін де телефонмен аударғандарды түсіріп, есеп беріп отырамыз. Бір күнде ең көбі 71 мың теңге берген адам болған. Ал былай күнделікті қанша түсетінін білмеймін, - дейді Әли. 

Осы тұста "қайырымдылық қорабымен тек Шымкент жастары жүр ме?" деген сауал туындады. Сұрағымызға "Рухани бастама" қорының басшысы Сәуле Сәдуақасова жауап қатты.

"Біздің қор Шымкент қаласында ашылды. Қазір филиалдарымызды көбейтсек деген ниетте Алматыға өкілдерімізді жібердік. Бізде тек шымкенттік емес, алматылық балалар да волонтер болып жүр. Бәрі ата-анасының рұқсатымен. Шымкенттен барған балалар да бар, ол рас. Олар бұған дейін бізде істеген балалар, Алматыға оқуға түскеннен соң ары қарай жалғастырсақ деген ниеттерін жеткізген. Біз оларды мүмкіндігінше жатын орынмен қамтамасыз етуге тырысудамыз. Бұл да қор атынан балаларға деген көмек, - дейді Сәуле Сәдуақасова.

Біраз сұхбаттасқан соң, Әлимен бірге автобусқа міндік. Бұл жолы қаражат гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатияға шалдыққан балаға жиналып жатыр екен. Жұрт әдеттегідей, қайырымдылық қорабына ақша салып жатты. Бағамдауымызша, 20 минут ішінде, 3 автобустан 1-2 мың теңге көлемінде қаражат жиналды. 

Қорап сыртындағы деректер шынайы ма?

"Рухани бастама" қоры бұл жолы гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия диагнозы қойылған 2 жасар Жеңіс Өмірзақ есімді балақайға қаражат жинап жатыр екен. Баланың анасы Мәдина Увашева қорға өзі жүгініпті. 

"Баламның еміне ақша керек болғаннан соң, өзге ата-аналардан сұрастыра жүріп, осы қорға жүгіндім. "Рухани бастама" қорының жұмыс істеп жүргенін негізі сырттай білетінмін. Бұл кісілер қанша қаражат жиналып үлгереді, соны береміз дейді. Жалпы емге, жол шығынына 1 миллион теңге көлемінде керек. Енді күтеміз, қаражатты, - дейді Мәдина Увашева.

Қор басшысы Сәуле Сәдуақасова да бұны растады. Оның айтуынша, күніне 30-40 мың теңге көлемінде қаражат жиналады. Оның 35 пайызы қордың шығындарына жұмсалады. Қалған бөлігі мұқтаж жанға аударылады екен. 

Алматы полиция департаментінің дерегінше, волонтерлерге қатысты ешқандай шағым түспеген. Оларды тексеру үшін алдау фактілері немесе құрбандар қажет. Қазіргі таңда қалада жалған қайырымдылық қорлары тіркелмеген. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!