Қазақстанда бастамашыл және белсенді ұйымдардың құзіретін арттырып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету бойынша ауқымды іс-шаралар басталды. Олардың арасында еріктілер мен қайырымдық ұйымдарына берілетін қолдау мен көмек түрлері көбеймек. Бұл жайлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Вице-министрдің айтуынша, өткен жылы Президент жарлығымен алдағы 10 жылға арналған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы мен оған тиісті ауқымды іс-шаралар бекітілді. Бұл – екі кезеңнен тұратын, саны мен сапасы жағынан өте ауқымды шараларды біріктіретін құжат.
Аталмыш құжат аясында азаматтардың бастамалары мен жалпы белсенділігін көтермелеу үшін заңға қайшы келмейтін әртүрлі тетіктер қаралыстырылды. Өздеріңіз білетіндей, былтыр пандемия мен төтенше жағдай елде еріктілер мен қайырымдылық ұйымдарының қызметі өте өзекті екенін көрсетті. Небары бір жылдың ішінде еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны үш есе өсіп, еріктілердің қатары 200 мыңға жетті. Сондықтан президенттің бастамасымен оларға жүйелі қолдау механизмдері енгізіліп жатыр. Бұл ең алдымен қолданыстағы заңды жетілдірумен байланысты тетістер, - дейді Болат Тілепов.
Вице-министрдің айтуынша, енді еріктілер ұйымынан мемлекет тарапынан арнайы қолдау көрсетіліп, бұл ұйымға ерікті ретінде тіркеліп, азаматтық және қайырымдық істерге атсалысқан ерікті азаматтарға жеңілдік пен көмек түрлері көрсетілмек. Мәселен, еріктілер қатарында жүрген азаматтың зейнетақысына ұйым құрамында болғаны үшін еңбек өтілі қосылады, мемлекеттік қызметке тұру мен жоғары оқу орнына түсер кезде қосымша құқықтар беріледі.
Біріншіден, жоғары арнаулы оқу орындарына түсу кезінде, азаматтық және мемлекеттік қызметке кіру кезінде волонтерлардың, қайырымдылық жасаушылардың құқықтарын кеңейту қарастырылып жатыр. Яғни, белгілі бір деңгейде жеңілдіктер беріледі. Екіншіден, волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдік арқылы пайдалану мүмкіндігі енгізіледі. Үшіншіден, зейнетке шығар кезде азаматтардың волонтерлік қызметте атқарған уақытын ескеру көзделіп отыр. Төртіншіден, корпоративтік волонтерлік және электронды қайырымдылықпен айналысу бойынша нормалар енгізіледі. Яғни, төлем платформалары мен терминалдары, онлайн-банкинг арқылы қайырымдылық жасау тетіктері пысықталуда. Бесіншіден, қайырымдық көмекті ашық ету үшін мұндай ұйымдардың ашық реестрі жасалады. Яғни, қайырымдық ұйымдар іске асырған жұмыстары жайлы есеп тапсырады, - деп түсіндірді Болат Анапияұлы.
Айта кеткен жөн, Ақпарат министрлігі волентерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын әзірледі. Бұл құжат волонтерлік бастамаларды дамытуға ықпал етіп, азаматтардың еріктілік қызметке қатысуын жандандыруға, волонтерлік мәдениетті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.