Елорда іргесіндегі Ақмола облысына қарасты Аршалы кентінің тұрғындары қоғамдық әжетхана жайын көптен айтып келеді. Тұрғындар тіпті вокзалда қоғамдық әжетхана жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе ондаған жылға созылған. Алайда жергілікті билік тарапынан халықтың жанайқайына ешқандай назар аударылмаған. Тұрғындар тіпті қатты қысылған адамдар вокзалдың айналасына дәрет сындырып тастағанын жеткізді. Сонымен қатар, олар үлкен сауда орындарында да әжетханаға кіргізбейтінін айтады.
"Бірнеше күн бұрын Аршалыға енеммен бірге жол жүріп келдік. Шеттен келген бейтаныс әйел үш бірдей кішкентай баласымен әжетхана іздеді. Зыр жүгіріп әжетхана таппай қатты ашуланып келді. Артынан бізде барып көрдік. Вокзал әжетханасы құлыпталып тұр. Іштегі кассадағы қыздардан сұрап едік. Сыртта әжетхана барын айтты. Оған барса, бірі құлыптаулы болса, бірі мүлде шегеленіп тасталған. Вокзал тұсындағы "Милана" дүкенінің маңында даладағы әжетхананың сыртына дейін былығып жатыр. Ірі сауда орындарында да дәл солай. Әжетхана тек қызметкерлер үшін екенін айтып, ешкімді кіргізбейді. Шеттен келген адамдарға қайтпек керек?" - дейді Надежда Гутер есімді Аршалы тұрғыны.
Тұрғындар бұл мәселені билік орындарына талай айтқан. Алайда Аршалы ауданы әкімдігі өкілдері бүгінге дейін мәселені "шешетінін" айтып уәде беріп келеді.
"Дәл бүгін әкімдіктегі жиында осы мәселе көтерілді. Қоғамдық әжетхана бойынша жағдайдың күрделі екенін білемін. Алдағы күндері вокзал, ірі сауда орындары басшыларымен арнайы жиын ұйымдастырып, бұл мәселені шешеміз. Сонымен қатар, орталық саябақ алаңы қайта жөнделіп, қоғамдық әжетхана қойылмақ. Қазір әкімдіктен осы түйінді шешу үшін арнайы комиссия құрылды", - дейді Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпан.
Аудан басшылығы мәселенің жақын арада шешімін табатынын мәлімдеді. Дегенмен жылдар бойы қарапайым қажетін өтеуден қиналған аршалылықтар оған күмәнмен қарайды.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!