- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Визасыз режим елімізде...
Визасыз режим елімізде "қытайлықтардың қаптап кетуіне" әсер етті ме?
Былтыр қараша айында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Осы уақыт аралығында біраз келісімдер жасалып, ауқымды жобаларға қол қойылды. Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі экономикаға қалай әсер етіп жатыр? Неден ұтып, неден ұтылып жатырмыз? Қытайдан қорқатын себеп бар ма? Massaget.kz тілшісі шолу жасап көрді.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан мен Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастығы кеңейіп келе жатқанын айтты.
"2023 жылы екіжақты тауарайналым 30 пайызға ұлғайып, 41 млрд долларға жетті. Қытай қазірдің өзінде Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіріп, елімізге тартылған капиталдың көлемі 24 миллиард доллардан асты. Біз осы жетістіктермен шектелмей, қолда бар потенциалды аша түсуге мүдделіміз", - дейді Мұрат Нұртілеу Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
Сондай-ақ СІМ басшысы Астанада Қытай университетінің филиалы ашылатынын хабарлады.
"Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы" және визасыз режим елдеріміз арасындағы туризмді одан әрі дамытуға тың серпін беретініне сенемін. Білім саласына тоқтай келе, биыл Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалын ашу туралы жоспарын қолдаймыз. Сонымен қатар Қытайдың озық техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға да мүдделіміз", - деді Сыртқы істер министрі.
Сенатор Амангелді Толамисов екі ел қылмыстық істер бойынша бір-біріне көмектесе алатынын мәлім етті. Ол хаттамаға 2023 жылғы 17 мамырда Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында қол қойылғанын айтады.
"Хаттаманың негізгі мақсаты – екі ел азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың тәртібін тағы бір мәрте нақтылау.
Хаттамамен құқықтық көмек көрсету кезіндегі Тараптардың қарым-қатынас тәртібін анықтайтын шарттың 2-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінген кезде өзара қатынас жасалатын Тараптардың орталық мекемелерінің қатары Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, Қытай Халық Республикасы тарапынан – мемлекеттің Жоғарғы Халық Сотымен толықтырылды. Осылайша, Хаттамамен өзара қарым-қатынас жасайтын орталық мекемелер ретінде Қазақстан тарапынан Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Әділет министрлігі айқындалған болса, Қытай тарапынан Әділет министрлігі, Жоғарғы Халық прокуратурасы және Жоғарғы Халық Соты белгіленген", - деді Амангелді Толамисов Сенаттың жалпы отырысында.
Елімізге Қытайдан қанша турист келген?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың алғашқы 9 айында еліміз бойынша ең көп саяхатшы – Ресей Федерациясынан келген.
"Былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға 356 850 мың ресейлік саяхаттаған. Екінші орынды Қытай туристері иеленді. Шығыстағы көршімізден елімізге 75 131 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Түркия туристері тұрақтады. Анадолы елінен 41 134 турист келген. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарына Үндістан (34 757) және АҚШ (28 160) саяхатшылары енді", - делінген мәліметте.
Сарапшы не дейді?
"Қазақстан мен Қытайдың сауда айналымы 2023 жылы 30 пайызға артты. Әсіресе, Қытайдан Қазақстанға киім-кешек пен ұсақ тауарларды тасымалдау екі есе өскен. Аяқ киім өнімдері үш есе көп тасымалданған. Ал, Қазақстан тарапы аспан асты еліне қой мен тауық етін экспорттауды күшейтті", - деді халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым.
Саясаттанушы инфляция Қазақстанның импортқа тәуелділігінен болып отырғанын айтады.
"Әрине, бұл мәселе тек елімізде ғана болып жатқан жоқ. Жақында Дүнижүзілік банктің есебі шықты. Онда 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы үшін жоғалған онжылдық деп аталды. Сондағы түйін: елімізде өткен онжылдықта өндіріс саласы кенже қалған. Сондықтанда біз осы бағытта Қытай секілді алпауыт серіктесімізді пайдалануға тиіспіз. Елімізде өндірісті жандардыру жұмыстарын жүргізу керек.Өйткені Қытайдағы өндірісті Қазақстанға әкелуге болады, бұл басқа жобаларға қарағанда тиімді жол. Осылайша инфляцияны төмендетіп, бағаны тұрақты ұстауға болады", - деді Тасым.
Ол Қазақстан мен Қытай қандай қарым-қатынаста болу керегін атап өтті.
"Әрине, экономикалық қуатты Қытай қазақстандық нарықты толықтай жаулап алатын мүмкіндікке ие. Алайда геосаяси тепе-теңдікті, мәдени айырмашылықты және қоғамның пікірін ескерсек, бұл екіталай. Оның орнына ең тиімді сценарий - экономикалық ынтымақтастық пен серіктестікті тереңдету. Бұл жерде екі елде пайда көре алады", - деді халықаралық қатынастар сарапшысы.
Риззат Тасымның сөзінше, қазақстандықтар "қытайлар қаптап кетеді" деген қорқыныштан арылды.
"Меніңше, Қазақстан-Қытай арасындағы визасыз режимнің енгізілуі дұрыс қадам болды. Қазіргі таңда қоғам арасында таралған скепсис жойылды. Өздеріңізге мәлім, визасыз режим енгізіледі деп хабарлай бастаған кезде "Қазақстанда қытайлықтар қаптап кетеді" деген пікір айтылған болатын. Ал, соңғы статисткалық мәліметтерге қарасақ, бұл шындыққа жанаспайды, кесірінше, тиімді туристік және кәсіптік бағыттағы сапарлары артқанын байқаймыз. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық одан әрі арту үшін шекарадағы кедергілер жойылуға тиіс. Мойындай білуіміз керек, Қытай үшін Қазақстан нарығы қызық та емес. Тіпті Орталық Азия нарығы бәсекелесе алмайды. Қытай Қазақстанда аралық аймақ немесе Хаб ретінде қарайды. Бүгінгі таңда біз Қытай талап етіп отырған тауар тасымалдауға қажетті инфрақұрылымды да қамтамасыз ете алмай отырымыз. Сол себепті, ең алдымен Қазақстан тарапына инфрақұрылымын мәселесін шешуі керек", - деді Риззат Тасым.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Ордабаев