Виза режимін жеңілдету: Қазақстан мен Еуропа келісім жасауға дайындықты бастады

Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Антониу Коштамен кездесу өткізді.

Қазақстан Президенті кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие екеніне тоқталды. Еліміз - Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған өңірдегі тұңғыш мемлекет.

"Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тарап та дайын екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Осы орайда бірнеше күн бұрын Брюссельде өткен "ЕО – Қазақстан" ынтымақтастық кеңесі отырысының нәтижесіне жоғары баға беремін", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы виза режимін жеңілдету және реадмиссиялар туралы келісім жасауға дайындық жұмыстары басталғанын құптады.

Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Еуропа арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Еуроодақ елімізбен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

"Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз", – деді Еуропалық Кеңес президенті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!