- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Вице-премьер Жамаубаев жалақысы...
Вице-премьер Жамаубаев жалақысы қанша екенін айтты
Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қанша жалақы алатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Біріншіден, мен Қаржы министрлігінде аламын (жалақы - еск.) және премьер-министрдің орынбасары ретінде қосымша төлейді. Шамамен жалақы 1,5 миллион теңге болады. Бұл жалпы алғанда. Мен өз декларациямды беруге дайынмын", - деп жауап берді Жамаубаев.
Қаржы министріне "шенеуніктер өзінің табыс туралы декларациясын жариялай ма" деген сұрақ қойылды.
"Бұл мәселе талқыланып жатыр. Біз - мемлекеттік қызметшілерміз, сіздер онсыз да жалақымызды білесіздер. Жыл сайын декларация тапсыратындар - мемлекеттік қызметшілер. Біз жалпыға бірдей декларациялау жолындамыз және 2025 жылға қарай республикамыздың барлық азаматы жыл сайын декларация жариялап, тапсыратын деңгейге жетеміз. Сонда бәрі бәріне белгілі болады", - деп жауап берді ол.
Еске салайық, Қазақстанда кірістер мен мүлікті жалпыға бірдей декларациялау төрт кезеңнен тұрады. 2021 жылдан бастап декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тапсырады. 2024 жылдан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер, 2025 жылдан бастап барлық қалған санаттағы азаматтар декларация толтырады.
Ж. Қадыржанова