- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Вице-министр қазақстандықтарды "Қалаулым"...
Вице-министр қазақстандықтарды "Қалаулым" сынды бағдарламаларды көрмеуге шақырды
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов қазақстандықтарды "Қалаулым" сынды бағдарламаларды көрмеуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан соң министрдің орынбасарына "Бүгінде "Бір болайық", QosLike, жалпы "Қалаулым" сынды бағдарламалар неге телеарналардан көрсетіледі? Олардың көрсетілімін шектеуге болмай ма?" деген сұрақ қойылды.
Қанат Ысқақов мұндай бағдарламаларды көрмеуге кеңес берді.
"Мен қарапайым азамат ретінде бұған қарсымын. Сондықтан көрмеймін. Ұнамайтындарға көрмеуге кеңес беремін. Сіздер көрмесеңіздер, ол бағдарламалардың рейтингі де болмайды. Осылайша, (бағдарлама - еск.) танымал болмайды. Әрине, цензура жасауға болады. Бірақ Конституцияны, заңды бұзып жетістікке жетуге болмайды", - деді Қанат Ысқақов.
Вице-министрдің пікірінше, бағдарламалардың рейтингі жоғары болуы көрермендерге байланысты.
"Осылайша, ол компаниялардың (бағдарламаларды көрсетілетін телерналаналға қатысты - еск.) табысын өздеріңіз арттырып отырсыздар. Біз бүкіл контентке мониторинг жүргіземіз. Сіз айтқан бағдарламаларда әдеп пен мораль талаптарын бұзатын жанжалдар көрсетілсе, біз болашақта ондай жасамауы керегі туралы ұсыныс жібереміз. Оны кеңесті қабылдау, қабылдамау әр редакцияның ар-ұятына байланысты", - деді министрдің орынбасары.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Есен