Алматыда мемлекеттік шекара арқылы ірі көлемдегі ауыр препараттарды заңсыз өткізу дерегі анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бір топ адам алдын ала сөз байласып, витаминдер ретінде жасырылған, құрамында адам өмірі мен денсаулығына ауыр әсер ететін заттар бар анаболиктерді, стероидтерді Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы АҚШ пен Еуропа елдеріне жөнелткені анықталды.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдастырушылар препараттарды сақтап, буып-түюмен айналысқан мекенжай табылды.
"206 мыңға жуық ампула мен таблетка, шприцтер, желімдеуге арналған станок, пошта конверттері, құтыларға арналған өздігінен жабысатын жапсырмалар тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Бұл іске қатысы барлар ұсталып, оларға сот үй қамағына алу бұлтартпау шарасын қолданды.
Қазір соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!