- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Вирус секілді тарады"....
"Вирус секілді тарады". "Синий трактор" әніне пародия жасап, Қазнетті жаулаған жігіт сұхбат берді
Желіде Шакензо лақап атымен танымал Шыныбек Рахмаштың пародия жасаған видеолары тарап, көпшіліктің көңілінен шығып жатыр. Ол Қайрат Нұртас, Қуандық Рахым, Төреғали Төреәлі секілді қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінен бастап, шетелдік өнер иелеріне дейін пародия жасап жүр. Massaget.kz тілшісі Шыныбек Рахмашпен сұхбаттасып, бұл салаға қызығушылығы қашан және қалай пайда болғанын сұрады.
Оның "Синий трактор" әнін түрлі дауыста орындаған видеосын 70 мыңға жуық адам ұнатқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары да оның әртістерді айнытпай салғанын айтқан.
"Керемет қой,Төрештің түрін қатырып жібергенсіз ғой, бәрі бірінен-бірі өтіп тұр", "Мынауың керемет шығыпты", "Талантсың ғой", "Күшті бір күліп алдық", "Мына ән вирус секілді тарады ғой", - деп жазған пікір білдіргендер.
Сондай-ақ, ол суреттер арқылы да пародия жасайды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Шыныбек Рахмаш Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында негізгі мамандығы өнерден алыс емес екенін айтты.
"Актер шеберлігін 8 жыл оқыдым. Мені көбі блогер деп шатастырып жүр. Блогер емеспін, кәсіби оқыған актермін. 2012 жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті Шабытқа оқуға түстім. Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор, "Бауыржан" шоу театрының директоры Бауыржан Ибрагимов сол жылы курс ашты. Өзім "муздрама" деген мамандыққа түскім келді. Ал 2008-2011 жылдары Атыраудағы дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында оқыдым. Сол жерде актер шеберлігі бойынша оқыдым. Кейін білімімді шыңдайын деп Астанаға Бауыржан Ибрагимовтың шеберханасына түстім. Ағайымыздың ашқан мамандығы "эстрада актері" деп аталады. Оған жонглер, пародия, пантомимика кірді. Басында ақылы бөлімге түстім. Кейін шамам болмай, бір жыл қалдырамын деп ойладым. Атырауда жатқан кезімде Бауыржан ағай хабарласты. Қолым дірілдеп телефонды алдым. Бауыржан ағай қолдап, оқуымды төлеп берді. Сол ағайдың грантында оқыдым. Сол жерден "эстрада әртісі" мамандығын алып шықтым", - дейді ол.
Оның айтуынша, пародияға бұрыннан етене жақын.
"Пародия жанры бала кезден жаныма жақын. Студент кезде кураторымыз қазір Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында директордың орынбасары Ұлан Нүсіпәлі ағай болды. Сол ағайымызға пародия салып бастадым", - дейді ол.
Актер студенттік кездегі қызық оқиғаны да еске алды.
"Ұлан Нүсіпәлі ағайдың дауысын салатынмын. Студент кезде жатақханада жатамыз. Сабаққа кешігіп қалған балалардың телефонынан Ұлан ағай деп нөмерімді өзгертіп, хабарласатын едім", - дейді ол.
Шыныбек Рахмаш қазір кәсіби театр актері ретінде қызмет атқарып жүр екен.
"Қазір Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында актермін. Оның көркемдік жетекшісі - Тұрсынбек Қабатов. Алда "Кішкентай ханзада" деген моноспектакльге дайындық жүріп жатыр. 9, 10 наурызда болады. Моноспектакльде жалғыз адам ойнап шығады", - дейді актер.
Шыныбек Рахмаш пародия арқылы жарнамалар түсіріп, табыс тапқанын да жасырмады.
"Карантин кезінде Атырауда болдым. Сол кезде мейрамханадан жарнамалар түсті. Бірақ қалай жарнама жасарымды білмей жүрдім. Кейін ақылдасып, "пародия арқылы белгілі әнді алып, соның мәтінін өзгертіп, мейрамханаңызға келтірейік" дедім. Халыққа ұнады, мейрамхана иесіне де ұнады. Содан кейін екі-үш жерден ұсыныс түсті. Ешқандай құпия жоқ. Stories-ке салдым. Студияға салып жазатыным бар, сөзін өзгертетін жігіттер бар. Сол видео 300 мың теңгеге шықты. Одан бөлек той бар. Асабалық қызметім бар. Тойда арасында пародияны қосып тұрамын. Ән де айтамын. Auka есімді әнші жігіт бар. Екеуміз "Хан" деген топ құрғанбыз", - деді ол.
Шыныбек Рахмаштың айтуынша, TikTok әлеуметтік желісіндегі кейінгі видеолары халық арасында кең тарап кеткен.
"Пародия жанрындағы үлкен буынды, Нұржан Тутов, Аманғали ағаларымды көріп жүрдім. Мен де дәл сондай форматта шықсам, қайталаймын деп ойладым. Атырауда оқып жүрген кезде Таймас деген досым бар. Сол жігітпен ең алғаш пародия түсірдім. Есімде қалтамда 10 мың теңге болды. Сонымен Алматыға барып түсірдім. Келесі күні ұсыныстар түсе бастады. "Балапан" телеарнасынан ұсыныс түсті. Бір жылдық жоба жасадық. Театрға келдім. Солай басталды. "Жерұйық" командасымен КТА-ға қатыстым. Отбасын құрған соң кішкене пародия салмай кеттім. Күні кеше TikTok желісіне бір пародиялар жасап көрдім. "Синий трактор" жақсы қаралым жинады", - дейді актер.
2017 жылы оның Despacito әніне пародия жасағаны да көпшіліктің көңілінен шыққан еді.
"Осындай пародиямен шыққан кезде көп ағаларым қолдау көрсетті. Алғаш пародия салып жүрген кезде телеарналарға жібердім. Бірақ реакция келмеді. Сол кезде ресейлік MuzzOne.tv салды. Ол кезде Despacito атты ән 7-8 миллион жинаған еді. Кавер нұсқаларын салды. Қазақстаннан менің видеомды салды. Кейін бәрі менен пародия күтіп тұратынын түсіндім. Бірақ алдағы уақыттарда кинодан ұсыныс түссе, бағымды сынап көрсем деген де ойым бар", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова