- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Виллалар мен қымбат...
Виллалар мен қымбат көліктер: 177 млрд теңге қаржы мемлекетке қайтарылды
Мемлекетке 177 млрд теңге көлемінде қаражат қайтарылды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қаржы қайдан келді?
Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде арнаулы мемлекеттік қор бүгінде 177 млрд теңгеден аса ақшалай қаражатпен толықтырылды.
Жасалған келісімдер нәтижесінде шамамен 147 млрд теңге, процестік келісімдер бойынша 19 млрд теңге, активтерді өткізуден 6 млрд теңгеден аса, соттардың шешімдері бойынша шамамен 5 млрд теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден аса қаражат түскен.
Қайтарылған активтердің ішінде не бар?
Өткізілген активтердің ішінде екі вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, пәтер, жер учаскесі және екі сәнді көлік бар.
"Активтерді өткізудің бір мысалы – Алматы қаласындағы жер учаскесі, ол "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң субъектісінен 176 млн теңге бағамен қабылданып, 657 млн теңгеге, яғни бастапқы бағалау құнынан төрт есе артық сатылған.
Сонымен қатар тізілім субъектілерімен келісімдер бойынша арнаулы мемлекеттік қор 150 млрд теңгеден аса сомаға қосымша толықтырылады деп күтіледі", – деп жазылған хабарламада.
Бұл қаржы қайда жұмсалады?
Бас прокуратура мәліметінше, қайтарылған ақша елдің әлеуметтік және экономикалық жобаларын іске асыру үшін жұмсалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова