Виктория Моминбаева: Өзің шын қалап тұрғанды қалау – өмірдегі ең басты нәрсе

Виктория Моминбаева: Өзің шын қалап тұрғанды қалау – өмірдегі ең басты нәрсе

ARU LIFE жобасының кезекті қонағы – бизнесвумен, блогер, «Қазақстан ханымы», көпбалалы ана, кәсіпкер және бірнеше ірі жобаның негізін қалаушы  Виктория Моминбаева.  Виктория өзінің жетістікке жету жолы, отбасылық өмірде ұстанатын қағидалары мен бала тәрбиесіндегі ережелері туралы айтып, әйел адамның бақытты болуының құпиясын ашты. ARU LIFE жобасының серіктесі – ALTEL ұялы байланыс операторы.

«Қазір мен уақытымды білім алуға, оқуға арнап жүрмін. Бұл өзімді қызықтыратын іс. Коучинг бойынша, кәсіби ICU бірлестігінде оқып жатырмын. Мен менторлық курсын жүргізіп көрдім, ал коучинг сәл басқаша сала. Әр адамға коуч керек — бұл менің сөзім емес, мұны TED Talks конференциясында сәтті баяндама жасап тұрып,  Билл Гейтс айтқан. Менторлық пен коучинг арасында үлкен айырмашылық бар. Өйткені, ментор өз тәжірибесіне сүйене отырып, кеңес береді. Кәсіпқой спортшы мен әуесқой спортшының арасында қандай айырмашылық бар? Кәсіби спортшының "сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін, сен мықтысың" деп ынталандырып отыратын бапкері бар. Біздің басты жауымыз өзіміздің миымызда, ол — сенімсіздігіміз. Сондықтан өзімізді түсінуіміз үшін басқа адамның көмегі керек. Коучтың міндеті — адамның өзіне деген сенімін арттырып, коучтың немесе клиенттің жауапкершілігімен мақсатқа қарай қадам басу және мақсатты нақты айқындап алу», - дейді Виктория.

Виктория адамға ментор немесе коучқа жүгінбей, өзіне көмектесуге септігін тигізетін кеңесін бөлісті. Бұл үшін ол ХХ ғасырдың әйгілі психиатры және психологы, сценарлық және трансакциялық талдауды жан-жақты зерттеп, психоанализді жаңа деңгейге шығарған Эрик Берннің тәжірибесіне сүйенеді.

«Мақсаттарға жету үшін, оларды жазып алу керек, «100 тілек» деген жаттығу бар, оны орындау әркімнің қолынан келмейді. Адамдардың бәрі өздерінің шын қалауын білмейді – Эрик Берннің психологиясына сүйенетін болса, ол 3 эго күй туралы жазып кеткен: Бала, Ересек және Ата-ана эго күйлері. Бала біздің қалауымыз үшін жауап береді, бірақ оны көбіне балалық шақта басып тастайды. Нәтижесінде өмір бойы қайда ұмтылу керегін білмей өтеміз, ал бұл өте маңызды. Шын қалауымыз үшін лимбиялық жүйе жауап береді. Өзің шын қалап тұрған нәрсені қалау – ең басты нәрсе», - деп атап өтті Виктория.

Виктория көпбалалы ана болып, әрі көптеген жобамен айналысып жүріп, сұлулығы мен денсаулығын қалай сақтайтынын да айтып берді. Оның сөзінше, оған сұлу қалпын сақтауға жүйелілік көмектеседі, ал дене бітімінің сымбаттылығы – калорияларды дұрыс тұтынудың нәтижесі.

«Калория көп, жұмсалған энергия аз болса, ол жиналып, артық салмаққа айналады.  Мен әр нәрсені жақсы жоспарлай білетін адаммын. Аппарат түріндегі заманауи технологиялар бар, аптасына 2 рет барып тұрамын, ол жұмыс істейді. Мен бала кезімнен балық, тауық еті, сиыр етін ұнатпаймын, оларды жемеймін. Дені сау адамның негізгі көрсеткіштері бар: мен физикалық тұрғыда белсендімін, ұйқым да, тәбетім де тамаша, басқа да параметрлер бойынша бәрі жақсы. Дені сау балаларды дүниеге әкелдім, демек осылай өмір сүруге болады. Өзімді тәттіден де шектемеймін. Өмірден ләззат аламын», - дейді Моминбаева.

ARU LIFE жобасы қонағының айтуынша, адам өмірі бақыт пен жағымды сезімдерге негізделуі керек. Ал оны біреуге «аутсорсқа» беру еш нәтиже бермейді.   

«Менің мынадай теориям бар: біз өмірімізді өзіміз бақытқа толтыруымыз керек. Бұл теория жұмыс жасайды. Өйткені мұны біздің орнымызға ешкім істемейді. Адамды бақытсыз ететін де – өзі ғана. Себебі жазғыру, сөгу - Ата-ана эго күйіне тән. Алты жасына дейін баланың бойында пессимизм мүлдем болмайды. Ата-ана баланың бойына түрлі нұсқауларды вирус ретінде енгізіп отырады да, бұл нұсқаулар мен шектеулер бейсаналы түрде өзіміздікіне айналады. Сондықтан балаңызға не айтып жатқаныңызға мән беріп, мұқият болу керек. Өйткені уақыт өте келе, бала бұл вируспен өмір сүреді немесе онымен күресе бастайды», - деп баса айтты ARU LIFE кейіпкері.

Тәрбие дегеніміз – біз, ересектер балаларымызға көрсететін үлгі. Виктория мұны өз тәжірибесінің арқасында нақты біледі, өйткені кейіпкеріміздің 28 жасында 5 баласы болған, ал бүгінде ол – 6 баланың анасы.  

«Бала босану үшін ең дұрыс жас деген болмайды. Тек өзің таңдайтын жол ғана бар. Айналамызда бес, алты, жеті балалы отбасылар көп – әркімнің өз нормасы бар. Біреу мансабына көңіл бөліп, бір ғана баланы кешірек босанамын деп шешеді.  Мен тепе-теңдікті сақтап, қазір анамын, мансабыммен кейін айналысамын деп,  ойымдағыны кейінге қалдырмауды әдетке айналдырдым. Өмірді тоқтатып қоймаймын, бәрін процесс барысында іске асырамын. Ал босанудан кейінгі күйзеліс туралы айтар болсам, бұл қиындыққа душар болған әйелдер көп екенін білемін. Күйзеліс қандай да бір проблемаларға тым қатты назар аударғандықтан туындауы да мүмкін. Меніңше, күйзеліс әлемді қабылдау жиілігі төмендеген кезде пайда болады», - дейді көпбалалы ана.

Босанудан кейінгі күйзеліске душар болып, онымен маманның көмегінсіз өз бетінше күресуге мәжбүр болған жас қыздарға  Виктория пайдалы кеңес берді.

«Мен институтта оқып жүрген кездері психология профильдік пәнім болатын, өйткені балалармен жұмыс істейтін мамандық бойынша білім алдым. Жалпы, мен адамның өткен өміріне ғана мән берілетін классикалық психологияға қарсы адаммын. Еврей халқының мынадай даналық сөзі бар – егер өткен өміріңе бет бұрсаң, болашағың артта қалады. Кері бұрыл!», - деп қорытындылады Виктория Моминбаева.

Жобаның жаңа шығарылымын TENGRI TV YouTube-арнасынан көруге болады.

ARU LIFE жобасының серіктесі - Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытып жатыр.

Т. Раушанұлы