Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанға ресми сапары аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәртебелі мейманды қарсы алған Мәжіліс спикері қазақ пен мажар халықтарының тарихы тығыз байланысты екенін атап өтті.
Мәжіліс төрағасы екі ел арасындағы қарым-қатынас Қазақстан Президенті мен Мажарстан премьер-министрінің тұрақты кездесулері арқасында стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін айтты.
Ол Мажарстан Үкіметінің басшысын елдегі ауқымды реформалар мен саяси жүйені қайта жаңғырту туралы ақпарат берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экономикалық саясаты аясында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайту жоспарланғанына тоқталды.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидаты аясында Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейгеніне назар аударды. Қазіргі шақырылым Қазақстан тарихында ең көппартиялы болып отыр. Мәжіліс түрлі саяси көзқарас пен күштердің алаңына айналды. Әйелдердің, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың және жастардың саны көбейді.
Әңгіме барысында тараптар достық топтары арқылы және басқа да алаңдарда парламенттік дипломатияның даму перспективаларын талқылады.
"Біз Мажарстандағы әріптестермен түрлі халықаралық форумдарда, соның ішінде Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларында жиі кездесіп тұрамыз. Бір жыл бұрын Мажарстан Мемлекеттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шандор Лезсак Қазақстанға келген болатын. Мәжілісте нәтижелі диалог болған еді", - деді Ерлан Қошанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!