Полицейлер 7 тамызда жоғалып кеткен 5 жасар Мәдина Ерланқызының денесі дрон көмегімен табылғанын айтты, - деп хабарлайды Экспресс К.
Еріктілер Экспресс К басылымына қыздың денесі суарма арықтан табылғанын айтты.
"Жүгіріп бара жатқан видеоларда ол болмаған шығар... Видеолар іздеуді шатастырды. Бұл жерді бірнеше рет қарадық, бірақ жазда дене су бетіне 3-4 күннен кейін қалқып шығады, демек, ол суға бірден батып кетті. Өте терең болған соң көрінбеді. Арық ауылына жақын, үш-төрт шақырым жерде орналасқан", - деді іздегендер.
"Бәрінің әбігерге түскенін көрдім, полиция не істерін білмеді, өйткені барлығы тексерілген еді. Бір жерді он рет тінтіп шықты. Бұл жерді де бірнеше рет тексерді", - деді "Барыс" іздеу жасағының еріктісі Татьяна.
Қостанай облысы ІІД полиция басқармасының бастығы Ерлан Омарбековтің айтуынша, баланың өлім себебін анықтау үшін сараптамалар тағайындалған.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Қостанай облысында жоғалып кеткен 5 жасар қыздың видеосы жарияланғаны хабарланған болатын. 2017 жылы туған Ерланқызы Мәдина 7 тамызда Қостанай облысына қарасты Жамбыл ауылындағы үйінен таңға жуық шығып кеткен. Бала 18 және 13 жастағы әпкелерінің бақылауында болған. Қыздар таңертең оянғанда бүлдіршінді таппай қалған. Қыздың анасы полицияның көмегіне жүгінген. Баланы іздеу жұмыстарына тепловизор да қолданылды.
Кейін ерікті оны қалай көріп қалғанын айтып берген еді. Жүгері алқаптарының бірінен бала тісінің ізі бар жүгері табылды. Ол сараптамаға жөнелтілді. Іздеу тобы ауыл маңайындағы егістік алқаптарына әуе шарына байланған азық-түліктер қалдырды. Сондай-ақ, Рудный дельтаклубының нұсқаушылары егістік алқаптарын түні бойы дельтапландармен тінтіп шықты.