Ташкенттегі аквапарктердің бірінде әйелдер киім ауыстыратын бөлмеде бақылау камералары орнатылғаны анықталды. Бұл туралы аквапарк келушілері айтты. Ойын-сауық нысанының әкімшілігі камералардың болуы дұрыс деп санайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Podrobno.uz-ға сілтеме жасап.
"Чинабад Акваленд" аквапаркінің өкілі әйелдер киім ауыстыратын бөлмені "қоғамдық орын" деді. Ол камералар ұрлықтың алдын алу үшін қауіпсіздік мақсатында орнатылғанын, өйткені мұндай деректер мұнда бұрын болғанын айтты. Сондай-ақ, ол бұл құқық қорғау органдарының талабы екенін алға тартты.
Аквапарк әкімшілігінің өкілі әйелдердің киім ауыстырып жатқанда бейнебақылау камерасына түсірілген видеолар күнде өшірілетінін айтты.
Айта кетейік, киім ауыстыратын бөлмеде келушілерді камераға түсіріп жатқаны туралы ешқандай белгі жоқ. Басылым мәліметінше, киім ауыстыратын бөлме "қоғамдық орынға" жатпайды, сондықтан мұнда бейнебақылау камераларын орнату әдепсіз және заңсыз.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде дау тудырды. Қыздар камераға жалаңаш түскісі келмейтінін, себебі бұл видео әлеуметтік желілерде оңай таралып, тіпті бопсалауға себеп болатынын жазған.
Podrobno.uz редакциясы құқық қорғау органдарына бұл мәселеге қатысты сауал жолдаған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!