Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр.
"Бұл жұмысты биыл мамырда аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді. Яғни, бұл ветеринария қызметінің әлсіз жұмысының дәлелі екенін атап өткім келеді", - деді ол.
Әлихан Смайылов халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, ветеринарлық қызмет жұмысын қайта қарау қажетін айтты.
"Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар екенін атап өткен жөн. Жоғары қайта өңделген өнімдерді шығарудың орнына біз шикізатты төмен бағамен экспорттаймыз. Бұл - күрделі проблема, оларды шешу үшін жүйелі тәсілдер керек. Осыған байланысты мына мәселелерді атап өткім келеді", - деді ол.
Премьер-министр бұл мәселелерді шешу үшін бірқатар тапсырма берді.
"Осыдан кейін мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы енгізген шектеулерді алып тастауға қол жеткізу керек. Экспорттық нарықтарды ашу процесін жеделдету мақсатында импорттаушы елдермен, оның ішінде өңірлерге бөлу қағидатын тануды пайдалана отырып, алдын ала келіссөздер жүргізу қажет", - деді ол.
Әлихан Смайылов бұл мәселелерді бақылауды премьер-министрдің орынбасары - сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!