Верный бекінісі салынғанға дейінгі Алматы қандай болған?

Қазақстанның оңтүстік астанасы саналатын Алматы атауы тарихта бірнеше рет өзгерген. Күні бүгінге дейін оңтүстік мегаполисті қайтадан Алма-Ата деп атау ара-тұра ұсынылып тұрады. Massaget.kz тілшісі қала атауы қалай өзгергенін баяндайды. 

"Алмату" атауы қайдан шыққан?

Тарихшылардың дерегі бойынша, 2,5 мың жылдық тарихы бар деген Алматының о бастағы атауы Алмату екен. Ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен Іле Алатауының етегінде Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалык, Алмату қалалары туралы жазады. Мұхаммед Хайдар Дулати және Шараф ад-Дин Йезди өз шығармаларында Алматуды атап кеткен екен.

Археологиялық зерттеулер қазіргі Алматының орнында ертеректе сақтар, кейінірек үйсін, орта ғасырларда дулат тайпалары өмір кешкен елді мекендер мен қалашықтар, Алмалық пен Алмату қалалары (екеуі екі басқа қала) болғанын дәлелдеп отыр. Бұл қалалардың қираған құрылыстарын 1251-59 жылы фран­цуз королі IX Людвигтің елшісі және Қытай саяхатшысы Чжан Дэ өз көзімен көргенін жазған.

Алматы, 1956-1957 жылдар. Фото: Алим Хайдаров

Алмату қаласының аты жазылған күміс ақшалар, сақтардың 25 барыс бейнесімен безендірілген "Жетісу құрбандық табағы", ғажайып "Қарғалы тәтісі" бұл жердің мыңдаған жылдық тарихы бар өркениетті өлкенің орталығы болғанын көрсетеді.

Ал кейін бұл қала орнында Заилийское қорғаныс бекінісі салынады, бұл бекініс Верный деп аталады. 1921 жылдан бері Алма-Ата, ал қазақша Алматы деп аталып келсе, 1993 жылдан бері елдің мемлекеттік органдары қала атауын қазақ және орыс тілдерінде Алматы деп бекітті. Ресейде қала әлі күнге дейін Алма-Ата деп аталып жүр.

Верный - Алматы 

Жетісу облыстық революция комитеті 1921 жылы 5 ақпанда Верный қаласының әкімшілік атауын "Алматы" деп ауыстырған болатын. Алматы бекінісінің іргесі 1954 жылы ақпанда қаланған. Қалашық 1967 жылдан бастап "Верный" аталды. Дегенмен бұл қалашықтың орнында қала болғаны әрі оның "Алматы" деп аталғаны жайында орыс әскерилерінің өзі жазып кеткен екен. 

Мысалы майор Перемышельский 1853 жылы корпус командиріне жазған хатында былай деген:

"Жоғары мәртебелім, Сізге Алматы шыңын барлауда тапқан дерегімді жолдау мен үшін абырой. Инженер-поручик Александрмен Алматының бірінші және екінші шыңын шолып, мол табиғи байлыққа тап болдық. Орманы қалың, көркі тамаша, суы мен жылғасы мол жер екен. Топырағы тың. Есік пен Талғар аңғарынан асып түседі. Сондықтан Алматы маңында қоныс тебуді құп көрдік. Диқаншылық пен күздікке өте қолайлы мекен... (рапорттың бірінші беті тозығы жетіп жыртылып қалған, жазуы күңгірт, көрінбейді, жалғасы жоқ). (Дерек ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұр, 3-қор, 7-іс)".

Фото: vernoye-almaty.kz


Фото: vernoye-almaty.kz

Бұл деректен Алатауға жақын бұл аңғардың және соған жапсарлас шыңды "Алматы" деп аталғаны, жергілікті атауды орыс шенділерді де қолданғанын байқауға болады.

Бекініске неге "Верный" атауы берілгені әлі күнге белгісіз. Ол жайлы аңыз көп. Бірақ қалашық тұрғындары мекенді "Верный" емес, Есік, Талғар не Алматы деп атағаны байқалады. Ал "Верный" атауы әкімшілік деңгейінде қалған көрінеді.

Дегенмен қалашыққа 1921 жылы тарихи атауы қайтарылды. Орта ғасыр тарихында бұл маңда "Алмалы" қаласы болғаны айтылады. Қазіргі Алматы қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан бұл маңда 1000 жылдық тарихы бар көне қала жатқаны белгілі болған.

Алматы. Фото: Алим Хайдаров

Алматы ма, әлде Алма-Ата ма?

Желіде Алма-ата Алматының орыс тіліндегі нұсқасы екені туралы түрлі пікір айтылған. Алайда зерттеуші Бауыржан Сақов 2004 жылы "Вечерний Кубистан" басылымында бұл мүлде олай емес екенін түсіндіріп жазып берген. 

"Алма-ата орыс тіліндегі транслитерация да емес, Алматының орысша нұсқасы да емес. Бөлек, басқа. Алматыға тәуелді емес сөз. Алма-ата қазақтың екі сөзінен құралған атау. Яғни алматының атасы дегенді білдіреді. Алматыны Алма-ата атауымен алма деген сөзден басқа ештеңе байланыстырмайды (мысалы ҚАРАтау және ҚАРАсу, АқТӨБЕ және КөкТӨБЕ дегендей)", - дейді зерттеуші.  

Фото: Алим Хайдаров 

1921 Президиумге қатысқан большевик қазақтар, оның ішінде, Жандосов, Атабаев, Бәрібаев, Асфендияров, Сыдықов және басқасы қалаға тарихи атауы - Алматыны қайтурады ұсынған. Бірақ Ташкенттен келген орыстілді большевиктер, яғни Бурнашев, Лепа, Позднышев, Субботин ол ұсынысты қабылдамаған. Олар Алматы атауынан түбірі саналатын Алма сөзіне Ата сөзін қосып, Алма-Ата деп атау дұрыс деп санаған. 

Алма-Ата қаласы 1993 жылдың 28 ақпанында Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес ресми түрде Алматы болып өзгертілді. 1927-1991 жылдары Алматы қаласы (Алма-Ата) Қазақ КСР-нің астанасы болды. Кейін 1991-1997 жылдары тәуелсіз Қазақстанның астанасы атанды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!