Венесуэлада зілзаладан қаза тапқандар саны 3342 адамға жетті

24 маусымда Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен көз жұмғандар саны көбейді. Кейінгі ресми дерекке сәйкес, табиғи апат 3342 адамның өмірін қиды. Тағы 16 740 адам түрлі жарақат алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа мәліметті Ұлттық ассамблея спикері Хорхе Родригес жариялады. Кейінгі дерекке қарағанда, қаза тапқандар саны алдыңғы көрсеткіштен тағы 388 адамға артқан.

Ал үйінді астынан аман шығарылғандар саны өзгерген жоқ. Құтқарушылар осы уақытқа дейін 6462 адамды құтқарып қалған.

Ресми дерек бойынша, 86 794 отбасы көмек алған. Алайда жер сілкінісінен кейін 17 345 адам әлі де баспанасыз отыр. Зардап шеккендерге арнап 79 уақытша лагерь құрылған. Апат болған аймақтарға 9585 тоннадан астам азық-түлік пен 669 мың литрден көп ауыз су жеткізілген. Жер сілкінісі ел инфрақұрылымына үлкен зиян келтірді. Барлығы 856 ғимарат бүлінген, оның 190-ы толық қираған.

Еске салайық, 24 маусымда магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі қуатты жер сілкінісі болған еді. Содан бері мамандар 995 рет қайталама дүмпу тіркеген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!