Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа құны 2 миллиард долларға дейін жететін мұнай береді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Truth Social-ға сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, келісім АҚШ-қа санкцияға іліккен мұнайдың 30–50 миллион баррелін беруді көздейді. Шикізат нарықтағы бағамен сатылып, түскен қаражат, америкалық лидердің сөзінше, "Венесуэла мен АҚШ халықтарының мүддесі үшін" оның бақылауында болады.
"Венесуэланың уақытша билігі Америка Құрама Штаттарына санкцияға ұшыраған, жоғары сапалы мұнайдың 30–50 миллион баррелін беретінін жариялауға қуаныштымын", — деп жазды ол өз әлеуметтік желісінде.
Америкалық президенттің мәлімдеуінше, мәміленің жүзеге асырылуын АҚШ энергетика министрі Кристофер Райтқа тапсырған. Мұнай танкерлерден алынып, тікелей АҚШ порттарына жеткізілмек.
Дереккөздердің мәліметінше, бұл келісім кейінгі жылдары венесуэлалық мұнайдың ең ірі сатып алушысы болып келген Қытайға бағытталған жеткізілімдердің бір бөлігін басқа жаққа бұруы мүмкін.
Айта кетейік, Венесуэла бұған дейін АҚШ-тың желтоқсанның ортасында енгізген экспорттық блокадасына байланысты сыртқы нарыққа миллиондаған баррель мұнай шығара алмай отыр. Бұл шаралар Вашингтонның венесуэлалық билікке қысымды күшейтуінің бір бөлігі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz