- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Велосипедіңіз ұрланбасын десеңіз"....
"Велосипедіңіз ұрланбасын десеңіз". Астанада тіркеу базасы іске қосылды
Астана қаласында велосипедтерді тіркеуге арналған база әзірленді. Бұл ұрлықтың алдын алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордалық Полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының бастығы Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, ведомство Астанадағы Орнықты даму орталығымен бірлесіп, велосипедтің нақты кімге тиесілі екенін анықтауға мүмкіндік беретін бірыңғай электрон база әзірлеген.
"Оған велосипедтің иесі, тұрғылықты мекенжайы және ұялы телефоны жайлы мәліметтер, сондай-ақ, оның сериялық нөмірі мен велосипедтің сыртқы айрықша белгі-сипаттамалары енгізіледі. Осы базаны әзірлеу кезінде біз шетелдік тәжірибені ескердік. Мәселен, Ұлыбританияда мұндай база 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді және тіркелген велосипедтердің саны 1 миллионнан асты. Оның көмегімен 12 мыңнан аса велосипед ұрлығы ашылды", - деді Полиция департаменті өкілі.
Полиция департаменті өкілі тіркеу базасы 2 апта бұрын пилоттық негізде іске қосылғанын айтты. Содан бері 40-қа жуық азамат өз велосипедін тіркеп үлгерген.
"Біз базаның көмегімен ұрланған мүлікті жедел табуды, оны иелеріне тез арада қайтаруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, жапа шегуші өз велосипедін басқа адамнан немесе хабарландыру сайттарынан тапса, оның нақты иесі өзі екенін растай алады. Осы жоба сәтті жүзеге асса, самокаттарға да қолданамыз", - деп түсіндірді Айтмағамбетов.
Орнықты даму орталығының өкілі Виталий Пустовойтенконың айтуынша, велосипедтерді тіркеу 2 мобильді қосымша арқылы жүргізіліп жатыр. Олар - Smart Astana және e-Knot. Бұл қосымшаларға кіріп, "Қауіпсіздік" бөліміне өтіп, велосипедтерді тіркеуге болады.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz