- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Велосипед Ежелгі Үндістанда...
Велосипед Ежелгі Үндістанда ойлап табылғаны рас па?
Telegram желісінің қолданушылары велосипед Ежелгі Үндістанда ойлап табылғаны туралы жазып жатыр. Олардың сөзінше, мұны ежелгі ғибадатханалардың біріндегі барельеф дәлелдейді, - деп хабарлайды Stopfake.kz.
Басылым мәліметінше, ежелгі үнді ғибадатханасының қабырғасында бейнеленген велосипед туралы алғашқы хабарламалар Желіде 2018 жылы тараған. Желі қолданушылары ғарышкер мен ұялы телефонның суреттерін де бөлісіп, бұл да ежелгі үндістердің жетістігі екенін айтқан.
Фактчекерлер ұялы телефонның суреті 1996 жылы Испанияда Калаорра соборының қақпасында түсірілгенін анықтаған. Реставраторлар 1992 жылы Испаниядағы Әулие Иероним соборының қабырғасына ғарышкердің мүсінін қосып салған.
Бұл таңғаларлық жайт емес, реставраторлар тарихи ғимараттардың сыртын жаңарту барысында шағын әзіл "хабарламалар" жиі салып отырған. Мысалы, Вашингтон ұлттық соборының қабырғасында "Жұлдызды соғыстар" фильміндегі Дарт Вадердің басы бар, ал Сантьяго-де-Компостела соборының колоннасының үстіңгі бөлігінде тас қалаушының кішкентай автопортретін көруге болады.
Ежелгі Үнді Панчаварнасвами ғибадатханасындағы велосипед барельефін де осылай түсіндіруге болады. Зерттеушілердің айтуынша, велосипедтің бейнесі қабырғаға 1920 жылдары ғибадатхананы қалпына келтірілген кезде салынған.
Ол кезде велосипедтер болған және біз білетін қазіргі велосипедтерге ұқсас. 1817 жылы Германияда ойлап табылған ең алғашқы велосипедтің басқаша болғанын атап өткен жөн: оның алдыңғы дөңгелегі үлкен және артқы дөңгелегі кішкентай болды. Демек, ежелгі ғибадатхананың қабырғасындағы велосипедтің суреті бұл көліктің мыңдаған жылдар бұрын Үндістанда ойлап табылғанының дәлелі емес. Оны 1920 жылдары ғибадатхананы қалпына келтіру кезінде тас қалаушы салған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова