Вашингтондағы Рональд Рейган атындағы әуежайда American Airlines әуекомпаниясының екі ұшағы соқтығысты. Ұшақтар ұшу-қону жолағына бет алған кезде бір-бірінің қанатына тиіп кеткен. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі CBS News басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы телеарнаға ресми ведомство өкілдері мәлімдеді.
АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, оқиға жұма кешке (Қазақстан уақытымен сенбіге қараған түні) болған.
American Airlines компаниясының 638-рейсін орындаған ұшақ 2152-рейспен ұшуға тиіс әуе кемесінің қанатына тиіп кеткен. Оқиға кезінде екі ұшақ та көкке көтерілу үшін ұшу-қону жолағына бет алған.
Жұма күні Вашингтондағы Рейган ұлттық әуежайында American Airlines әуекомпаниясының екі рейсі қанаттарымен түйісіп, салдарынан бір винглет сынып қалып, жолаушылардың сапары кешіктірілді. CBS News-ке берген мәлімдемесінде American Airlines екі ұшақтың да отырғызу қақпаларына қайтып оралғанын және «техникалық қызмет көрсету тобының тексеруі үшін пайдаланудан алынғанын» хабарлады. Федералдық авиация басқармасы (FAA) соқтығысу себептерін зерттеп жатыр.
— CBS News (@CBSNews) 28 қараша, 2026 жыл
Әуекомпанияның хабарлауынша, екі ұшақ та жолаушыларды отырғызу аймағына қайтарылып, техникалық тексеруден өткізу үшін уақытша пайдаланудан шығарылған.
АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы мен әуекомпаниясы зардап шеккендер жоқ екенін растады. Оқиға орнына өртсөндірушілер мен құтқарушылар жұмылдырылған. Оқыс жағдай әуежайдағы басқа рейстердің кестесіне әсер етпеген.
638-рейс Далласқа, ал 2152-рейс Чикагоға бағыт алған. Әуекомпания жолаушыларды басқа ұшақтарға отырғызып, сол күні межелі жерлеріне жеткізетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Рональд Рейган атындағы әуежайда үш ұшу-қону жолағы бар. Оның бірі АҚШ-тағы ең қарбалас ұшу-қону жолағы саналады. Әуежай Ақ үй мен Капитолийге жақын орналасқандықтан, оның үстіндегі әуе кеңістігінде ұшуға қатаң шектеулер қойылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz