Қыста жұмыста отырғанда жолдасым "үй суып кетті" деп қоңырау шалады. Алып-ұшып келемін де көмір саламын. Жұмысқа қайтып, жалғастырып жатқанда тағы қоңырау: "бала тоңып қалды". Тағы келемін. Осылай аязды күндері үй мен жұмыстың ортасында пешке көмір салумен өткен күндеріміз артта қалып, газ келді деп қуанғанда – оны кіргізуге ақша болмады. Амал жоқ, несие алатын шығармыз деп үміт үзілгенде... Астананың шет жағындағы Көктал ауданының тұрғындары Қуаныш пен Ғалия Хамзиндер – ІІІ топтағы мүгедектер. Туғанынан құлағы естімейді. Ерлі-зайыпты 17 жылдан бері көрген қиындығы мен қазіргі қуанышын Massaget.kz тілшісіне сурдоаудармашының көмегімен жеткізді.
Қуаныш пен Ғалияның шаңырақ көтергеннен бері қасында сурдоаудармашысы – әлеуметтік қызметкер Бақыт апай бар. Олармен бір отбасы болып кеткен. Себебі отбасының қыр-сырын, проблемасы мен қуанышын – бәрін Бақыт апай бес саусағындай біледі. Бізге де сұхбаттасуға сол кісі көмектесті.
Қуаныш – Петропавлдың тумасы, ал Ғалия – Астананың қызы. Екеуі елордада танысқан. Бүгінде екі бала өсіріп отыр. Үлкені – 13 жастағы Адина, кенжесі – 4 жасар Ерсұлтан. Балалардың есімін атасы мен әжесі қойған.
Отағасы Петропавлда құрылыс мамандығы бойынша колледж тәмамдаған. Алайда жұмыс таба алмай, Астанаға достарымен келеді.
"Алғаш келгенімде қандай жұмыс істейтінімді де білмедім. Бірақ барлық жұмысқа келісуге дайын болдым. Сөйтіп қаладағы аяқ киім тігетін киоскінің иесі орнын берді. Ол да мүмкіндігі шектеулі азамат болатын – сөйлей алмайтын. Содан бері, яғни 18 жылдан бері аяқ киім тігіп келемін. Жазда клиент аз болады, қалған үш мезгілде жұмыс біраз жүреді... Айтпақшы, кейін киоскіні әкімдіктегілер сүріп, орынсыз қалдым. Содан Бақыт апаймен әрі барып, бері барып, орын іздедік. Қаладағы бір жатақхананың әкімгері дәліздің бұрышынынан 3 шаршы метр орын берді. Әлі күнге дейін сол жердемін. Басында бәрі жалтақтап қарайтын. Өзім сөйлемегеннен кейін ыңғайсызданып, алыстан қашатын. Қазір бәрі таниды. Етікші Қуаныш десе бірден біледі", – деп әңгімеледі қызметін елордалық.
Ал, жары Ғалия Астанада ата-анасы, ағасымен тұрған. Жолдасымен бір үйде қонақта отырғанда танысады. Қуаныш Ғалияны бір көргеннен ұнатып, әңгімесі жарасады. Жылдай жігіт пен қыз болып жүріп, отау құрған. Бүгінде олар Ғалияның ата-анасынан қалған екі қабатты ескі үйлердің екі бөлмелі пәтерінде тұрады.
91 жылдары орталықтан жылу беру тоқтатылып, үйге пеш қойылған. Үйдегі пешті қоятын орын болмаған соң жуынатын бөлмеге орнатылған. Оны көрмегенше ешкім сенбейді. Кәдімгі ваннада пеш тұр және содан бері Ғалияның ата-анасы, кейін олар өмірден озған соң жолдасы сол пешке көмір жағып келген.
"Мен ес білгелі осы үйде пешті өзіміз жағамыз. Тәуелсіздік алған жылдары өзгерістер болған кезде орталықтан жылу беру тоқтады. Содан бері көмірмен пеш жағып келдік. Менің ата-анам, ағам болатын. Олар қайтыс болды. Кейін көмірді жолдасым жақты. Өзіме қиын. Қуаныш болмаса, қиналып қалатынмын", – деді Ғалия.
Астананың ұзаққа созылатын қысында ерлі-зайыпты көмірмен көп алысқан. Одан қалды бірнеше рет үйдегі батареяларды да ауыстырған.
"Ең алғашқы пешті ауыстырғанда үйдің іші салқын болды. Батарея аз шығар деп батарея қостық. Бәрібір жылымады. Содан кейін үшінші жылы үшінші рет батареялардың бәрін тексеріп, ауыстырып, қайтадан өзгерттік. Солай міне 17 жылдан бері осы пешке көмір салып, өзіміз тасып, жылына 9 ай арпаласып келдік. Таңертең жұмысқа шығарда бір көмір салып кетем. Жолдасым "үй суып кетті" деп қоңырау шалады. Алып-ұшып келемін де көмір саламын. Жұмысқа қайтып, жалғастырып жатқанда тағы қоңырау: "бала тоңып қалды". Тағы келемін... Сөйтіп үй мен жұмыстың ортасында жүріп, қаһарлы қыстан әзер шығатын едік", – дейді Қуаныш қыста көрген тауқыметін еске алып.
Оларға аудандық әкімдіктегілер қыста көмір түсіріп, көмектесіп келген. Мұндай жәрдем соңғы жылдары басталған. Себебі қыста көмір сатып алудың өзі мүмкіндігі шектеулі отбасы үшін оңай болмаған.
"Көмірдің бағасы бұрындары 7 мың теңгеден болатын. Кейін 20-25 мыңға дейін қымбаттады. Жыл сайын көтеріле беретін. Қанша жыл өзіміз алдық. Кейін әкімдіктен тегін көмір берілетінін естіп, өтініш жаздық. Соңғы 2-3 жылдан бері әкімдік беріп келді. Дегенмен оны жағу қиын ғой. Бар мәселе сол. Қатты қиналдық. Оны көмір жағатындар түсінеді... Қыста астанамыз көк түтіннің астында қалады. Тұман секілді болып тұрады. Мұның бәрі осы біз секілді көмір жағатындардан болады. Сонда тұрғындар далада жүруге қиналады. Ал біз сол түтінді таратып қоймай, соның түбінде отырып, түбінде ұйықтаймыз. Денсаулыққа зиянын, ауаны ластайтынын бәріміз білеміз ғой. Түнімен мың оянып, қайта-қайта қадағалаудың өзі қиын", – деді отағасы.
Бұл көмір мәселесі, қыста от жағу проблемасы отбасы балалы болғанда қатты ушыққан. Себебі қызды болғанда Ғалияға үйде жалғыз қалу қиын болған соң Петропавлға барып, ата-енесімен тұрған. Кейін Адина шираған соң астанаға келген. Алайда қызы мектепке баратын жасқа келгенде сабақ оқытуға қиналған. Себебі бірінші сыныпқа барған баланың сабағын қадағалау, түсінбегенін түсіндіру, бағыт беру керек. Қуаныш пен Ғалия сөйлей алмаған соң баланың сабағына қарауға қиналған. Сөйтіп ата-әжесі "Адинаны өзіміз оқытайық" деп Петропавлға алып кеткен. Бүгінде Адина – 9-сынып оқушысы.
"Қызымыз оқу озаты, мектепте белсенді. Көптеген жарыс, шараға қатысып, жүлделі орындар алады. Грамотасы көп. Ән айтады. Қазір Түркістанға баруға дайындалып жүр. Сол жақта ән шырқайды. Ата-әжесі бізге қарайласып, қызымызды өсіріп жатыр. Оларға алғысымыз шексіз. Адина жазғы каникулда келіп, үш ай қасымызда болады. Басында бір-бірімізді түсінбейтін едік. Кейін ол ым тілін меңгеріп алды. Енді ол бізді еш қиындықсыз түсінеді", – дейді Ғалия.
Ал ұлы Ерсұлтан дүниеге келгенде де қыста ауыртып алмау үшін көмірмен арпалыс қайта күшейген. Дегенмен амалсыздың күнін кешіп, қыс-қыраудан шығып келеді. Қазір ұлы балабақшаға барады, ал Ғалия қаладағы қонақүйлердің біріне жұмысқа тұрған. Жылдан асты. Жұмысы өзіне ұнайды. Бұған дейін түрлі жұмыс – тігіншінің көмекшісі, тігінші және басқа жұмыстарды істеген, бірақ ұзақ істемеген.
Хамзиндердің отбасы карантин кезінде қатты қиналғанын да еске алды. Ол кезде Ғалия Ерсұлтанмен үйде отырған.
"Карантиннің алдында ақша жинап, тоңазытқыш, теледидар алайық деп жоспарлап жүрдік. Кейін карантин басталды да бәрі жайына қалды. Ол кезде мен Ерсұлтан кішкентай болған соң үйде отырдым. Қуаныштың жұмысы толық тоқтады. Тек жәрдемақымен күн күзеттік. Азық-түлік қымбаттады. Сонда алатын пенсиямыз жетпей, тамақты кредитке алатын кездеріміз де болған", – дейді Ғалия.
Ғалияға бала өскеннен кейін де қыста көмір жағып, үйді жылы ұстау оңай болмаған. Себебі таңнан кетіп, кеш бата келгенде үй іші суып кетеді.
"Мен таңертең сағат 6,5 жарымда шығып кетемін. Қуаныш баланы балабақшаға апарып, жұмысына кетеді. Кешке бәріміз келгенше үй суып кетеді. Жылытқанша біраз уақыт керекті. Сөйтіп жүріп түн болып қалатын", – дейді Ғалия.
Ал, күнделікті тамақ пісіргенге үйде газ баллон болған. Оның қауіпті екенін айтпаса да түсінікті.
"Газ баллонды күнделікті тамақ әзірлегенге пайдаландық. Балалар ашып қоймасын деп қатты қорқатын едік. Бала деген жылдам ғой. Көзіңді ашып-жұмғанша басқа бөлмеде отырады. Одан қалды ішінде газы бітіп қалса, тамақ істей алмай қалатынбыз. Ал қонақ келген кезде бітіп қалмасын деген уайым тағы күшейетін. Оны да үнемі қадағалап отыру керек", – деді Ғалия Хамзина.
Енді көмір түсіру, оны тасу, пешке уақытылы салу, мұржаны тазарту, үй суып кету, түнде мың тұру, газ баллон толтыру секілді проблемалар артта қалды. Себебі Хамзиндердің отбасында жақсы жаңалық бар – газ кірді. Өздері ақшасын жеткізе алмай отырғанда, осындай қуаныш орнады.
"Петропавлдағы достарымыз "сендердің үйіңе газ келіп жатыр, бізде ондай жоқ, қандай күшті" дейді. Мен бұл газды тегін кіргізіп берді десем, одан сайын таңғалады. Астанада басқа аймақтарға қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жақсы жасалған. Ал менің бізге осындай жылу сыйлаған Халық банкіне алғысым шексіз. Кредитке аламыз-ау деп уайымдап, үміт үзілгенде үлкен қуаныш болды", – деп бөлісті отағасы.
Қуаныштың айтуынша, алғашында газды тегін орнатып береміз дегенді естігенде сенбеген. Себебі газ орнату үшін құжатын реттеу үшін біраз уақыт керек, бірнеше мекемеге барып, "жүгіру" керек. Одан қалды қомақты қаражат керек. Ал мүмкіндігі шектеулі отбасы үшін мұндай ақшаны бірден шығару қалтаға салмақ салады.
"Менің табысым да, Ғалияның да жалақысы да көп емес. Алатын пенсиямыз күнделікті тамақ, киім-кешек пен коммуналдық шығындардан артылмайды. Артық ақша жинау мүмкін емес. Сондықтан осындай қиын күндері, дәл қыс келердің алдында үйімізге жылу кіргені үлкен бақыт болды десем артық айтпаймын. Жақында анам келіп кеткен. Ол да қатты қуанып жатыр. "Биыл қыстан қалай шығасыңдар" деп уайымдап жүргенін жасырмады. Ата-анамның да көңілі орнына түсіп, алаңсыз отыратын болды. Сол себепті мұндай игі істерді жиі айтып жүру керек. Бөлісу керек, тұрғындар білуі керек деген ойдамын", – деді Қуаныш Хамзин.
20 жылға жуық ұйыған айрандай болып өмір сүріп жатқан шаңырақтың іші жып-жылы, тап-таза. Ғалияның үй шаруасында ұқыпты екенін енесі де жиі айтады екен. Мұны әлеуметтік қызметкер Бақыт апай бөлісті.
"Енесі үнемі айтып отырады. Ғалия сол Петропавлда жүргенде шкафтарды жинағанда киімдер қаздай қатар тізіліп, тас-тұйнақтай болып тұрады екен. Бірден үйге Ғалияның келгені білінеді, әркімнің киімі қыры шығып, рет-ретімен, әдемі болып тұрады дейді", – деп айтып берді Бақыт апай.
Хамзиндерден болашаққа жоспарын да сұрадық. Ғалияның арманы – жұмысына жақын жерге көшу. Себебі қатынайтын жолына көп уақыт кетеді. Ал, Қуаныш ойын былай жеткізді.
"Біз осы уақытқа дейін пеш жағып қиналдық қой. Газды да ұзақ күттік, оған жеттік. Енді газ қойдық, қызығын көрейік. Сәл аяққа тұрған соң қаланың ортасына да жақындап қалармыз. Себебі қаланың орталығына көшу баяғыдан келе жатқан арманымыз..." – деп бөлісті жоспарын Қуаныш Хамзин.
Астанада қанша жылдан көмір жағып тұратын отбасылар газдың қадірін жақсы түсінеді. Шелек-шелек көмір тасып, белден бел қалмайды. Көк түтінге тұншығып, өкпе қиналады. Одан түрлі сырқат шығып, адам жиі ауырады. Сол себепті Ғалияның ата-анасы көре алмай кеткен көгілдір отын бүгінде Ғалияның ұлы төрт жасқа келгенде жеткені – Хамзиндер отбасы үшін бақыт.
Енді Қуаныш жұмысын алаңсыз жалғастырады. Ал Ерсұлтан қыста балабақшадан келгенде үй жылы болады. Анасы ыстық тамағын әзірлеп, отбасы кешкі дастарқанда бас қосады...
Серіктестік материал