- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Вагон жолсерігі жолда...
Вагон жолсерігі жолда толғағы басталған әйелді босандырып алды
Вагон жолсерігі жолда толғағы басталған әйелді босандырып алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жансая Көкенова жүктіліктің соңғы айында Алматыдан Өскеменге №352 пойызбен жолға шыққан. Пойыз жөнелтілгеннен кейін Екаша - Айыртау станциялары арасында жолаушының толғағы басталған. Вагон жолсерігі Бағдагүл Әбдәқұлова мен пойыз бригадасының басқа да қызметкерлері оған көмектескен.
Осылайша 7 ақпанда сағат 13:30-да қыз бала дүниеге келді.
"Пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеді және жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажет жағдай жасалды. Өскемен станциясына келгеннен кейін қызды анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады", - деп жазылған хабарламада.
Жолсерік Бағдагүл Әбдәқұлова теміржолда 23 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Бұл оқиға оның тәжірибесінде бірінші рет болып отыр екен. Пойыз жолсерігінің айтуынша, бәрі де өздігінен шешімін тапқан.
Кейінгі 3 жылда "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 12 бала дүниеге келіпті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова