- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Вагнер" жасағы қандай...
"Вагнер" жасағы қандай ұйым және Евгений Пригожин жайлы не білу керек?
Евгений Пригожин деген кім және неліктен "Вагнер" жасағы Ресей қорғаныс министрлігімен қақтығысып жатыр? Tengrinews.kz ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап, негізгі мәліметтерді ұсынды.
"Вагнер" жеке әскери компаниясы немесе "Вагнер" жасағы - Ресейдің тұрақты қарулы күштерінің құрамына кірмейтін және оның аумағында заңды мәртебесі жоқ бейресми әскери ұйым.
Евгений Пригожин - ресейлік кәсіпкер, "Конкорд" компаниялар тобының жетекшісі. Ол құрған "Вагнер" жасағы — Африка, Сирия, Украина және әлемнің басқа аймақтарындағы әскери қақтығыстарға қатысатын жалдамалы ұйым. Евгений Пригожиннің операциялары Ресей Қорғаныс министрлігімен тығыз байланысты болды.
Путинмен байланысы және бизнесі
Ол 1961 жылы 1 маусымда Санкт-Петербургте дүниеге келген. Ол спорт мектеп-интернатын бітірген. 18 жасында ұрлық жасағаны үшін шартты түрде сотталған, 20 жасында ұрлық, тонау, алаяқтық және кәмелетке толмағандарды қылмыстық әрекетке тартқаны үшін 13 жылға сотталған. 1988 жылы рақымшылыққа ілініп, 1990 жылы колониядан кеткен. Одан кейін Ленинград химия-фармацевтикалық институтында фармацевт мамандығы бойынша оқыған, бірақ оқуын аяқтамаған.
1990 жылдан бастап ол Санкт-Петербургте хот-догтар сататын желі, содан кейін супермаркеттер желісін, ал 1996 жылы "Старая таможня" элиталық мейрамханасын ашты. Ол жыл соңына дейін одан өзінің алғашқы миллион долларын тапты.
1998 жылдың көктемінде Пригожин "New Island" қалқымалы мейрамханасын ашты. 2001 жылы Жаңа аралдың бортында Ресей мен Франция президенттері - Владимир Путин мен Жак Ширакқа түскі ас берді. 2002 жылы мамырда Путин АҚШ президенті Джордж Бушты қабылдады. Осы кезде БАҚ Пригожинді "Путиннің аспазы" деп атады. 2023 жылдың 23 мамырында берген сұхбатында Пригожин мұндай лақап аттан бас тартты.
2018 жылы Владимир Путин журналистерге берген сұхбатында Пригожинмен жеке таныс екенін растады, бірақ Пригожинді бизнесмен Джордж Сороспен салыстыра отырып, оның мемлекетпен байланысын жоққа шығарды.
Украина арнайы қызметтері "Вагнер" жасағының жұмысы туралы алғаш рет 2014 жылы айтты. Жауынгерлер Донбасста байқалған. Содан кейін "Вагнер" жасағының жетекшісі ГРУ арнайы күштерінің офицері Дмитрий Уткин екені аталды. 2017 жылы Уткин Пригожиннің мейрамхана бизнесін басқарғаны белгілі болды.
"Вагнер" жасағы
2022 жылға дейін Пригожин "Вагнер" жасағымен байланысын жоққа шығарды. Тіпті "Эха Москвы" басылымының бас редакторы Алексей Венедиктовты радиостанция эфирінде өзін ұйымның "қожайыны" деп атағаны үшін сотқа берді. 2022 жылдың тамызында Пригожин істі жеңіп шықты, ал қыркүйекте шын мәнінде жасақты басқаратынын мойындады. Кәсіпкер бұрынғы ұстанымын ұйымның басқа мүшелеріне қауіп төндіргісі келмейтіндігімен түсіндірді.
Журналистер одан жасақты қаржыландыру көздері туралы бірнеше рет сұрады, бірақ Пригожин әрқашан былай жауап беретін: "Вагнер" Батыс демократиясының азаптарынан және көз жасынан жиналған ақшадан қаржыландырылады.
2022 жылдың желтоқсанында Америка Құрама Штаттарында "Вагнер" тобындағы адам саны есептелді. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар үйлестірушісі Джон Кирбидің айтуынша, бұл 50 мың адам.
"Украиндағы Вагнер операциясын қаржыландыру 100 миллион доллардан артық шығынды құрайды»", - деп баға берді Ақ үй өкілі оның ай сайынғы шығыны жайлы.
Пригожин Украинадағы әскери операцияларға қатысу үшін тұтқындарды жинағаны белгілі. 2023 жылдың наурыз айының соңында Пригожин 5 мыңнан астам тұтқынға рақымшылық жасалып, компаниямен келісім-шарт аяқталғаннан кейін босатылғанын айтты. Пригожиннің айтуынша, жауынгерлердің 0,5 пайыздан азы шайқастарға қатысқаннан кейін колонияға оралады. 2023 жылдың ақпанында Пригожин енді тұтқындарды жасақ қатарына қабылдамайтынын мәлімдеді.
2022 жылы Жасақ қатарға қосылғысы келетіндерге айына қолдарына 240-тан 300 мың рубльге дейін (1,3 - 1,6 миллион теңге) және бонустар берілетініне уәде бергені белгілі болды. Сыйақы - 150-ден 700 мың рубльге дейін (3,7 миллион теңгеге дейін). Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдер қарастырылған: жарақат алған жағдайда - 3 миллион рубль, қайтыс болған жағдайда - 5 миллион рубль. Жау техникасын немесе адам күшін жойған кезде 50 000-нан 300 000 рубльге дейін қосымша төлем төленеді.
Ресей қорғаныс министрлігімен қақтығыс
Пригожин Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудың әрекетін сынап, оның қабілетсіз басқаратынын айтып, жиі айыптайтын.
BBC-дің орысша қызметі "Вангердің" баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Пригожиннің Мәскеу облысымен ашық қақтығысы 17 мамырда басталғанын хабарлады. Бұл кезде жалдамалы әскерлер "Бахмуттің оңтүстігіндегі Опытное және Озаряновка елді мекендерінде жолдарды миналаумен айналысатын әскерлерді тапқан". Семигорье облысында жалдамалылар жолда миналарды тазалап жатқан кезде Қорғаныс министрлігі позицияларынан оларға қарсы оқ атылды деген болжам бар.
"Соның салдарынан "Урал" қызметтік көлігі істен шықты, жеке құрам зардап шекпеді. Топтар жаяу тарап кетті, агрессияны жою және ұстау үшін жауапты шаралар қабылданды", - деп хабарлады Пригожиннің баспасөз қызметі.
Кейінірек Евгений Пригожиннің баспасөз қызметі оның жауынгерлері "Вангер" жасағы көліктерінің біріне оқ атқан Ресей армиясының подполковнигі Роман Веневитинді тұтқындағаны туралы видео жариялады.
"Мен подполковник Роман Геннадьевич Веневитин, 72-ші бригаданың командирі, мас күйінде "Вагнер" жасағының көлігіне оқ жаудырдым", - деді жертөледегі ер адам жарияланған видеода. Журналистер оның бетіндегі іздерге қарап, оны видеоға түсірер алдында соққыға жыққан деген болжам жасаған. Неліктен көлікке оқ атқанын сұрағанда, офицер "Жеке араздықтың кесірінен" деп жауап берді.
Вагнерлердің Ресей қарулы күштерінің подполковнигінің тұтқынға алуы - ұйымдасқан топтың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік қызметшіні қарулы ұрлауы. Бірақ Ресей үкіметі бұл мәселе бойынша ашық шешім қабылданған жоқ.
Қорғаныс министрлігіне сын Пригожиннен бейне үндеу арқылы келді.
"Қорғаныс министрлігі халықты және Президентті алдап, Украина тарапынан ақылсыз агрессия болды және олар бүкіл НАТО блогымен бірге бізге шабуыл жасамақшы болды деп айтып жатыр. Арнайы операция мүлде басқа себептермен басталған болатын", - деді Пригожин.
Еске салайық, бүгін түнде Ресейде қарулы көтеріліс жайлы хабарлады. Евгений Пригожин ресейлік әскерлер "вагнер жасақшыларына" зымырандық шабуыл жасағанын айтты. Пригожин "әділдік маршын" бастауға уәде берді. Ресей билігі зымыран соққылары туралы ақпарат "шындыққа сәйкес келмейді және ақпараттық арандатушылық" деп жауап берді.
А. Жапатова