Алматы облысы Ұзынағаш ауылында атыс болып, бір адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz өңірлік ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, 4 тамызда сағат 16:20 шамасында Жамбыл облысы Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға оқ жарақатымен үш жергілікті тұрғын жеткізілген. Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөліміне жеткізілгеннен кейін қаза болған.
"Полицейлер дереу деректің барлық мән-жайын анықтауға және қылмысқа қатысы бар тұлғаларды ұстауға бағытталған шараларды қолға алды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жоспар жарияланып, аймақтық полиция бөлімшелерінің жеке құрамы күдіктілерді ұстауға жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Алдын ала анықталған мәлімет бойынша, оқиға бір топ жергілікті тұрғындар арасында болған. Қазір күдіктілердің бәрі анықталған, енді оларды ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.