Қарағандыда 85 жастағы такси жүргізушісі Астаби Бұлқанов қала тұрғындарын ескі "Жигули" көлігімен тегін тасиды. Зейнеткер "Хабар 24" телеарнасы репортажының кейіпкері болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Астаби аған үнемі аулада жүреді. Кейде қар тазалап жүрсе, кейде көлігінің айналасында. Біздің аялдама үйден өте алыс. Қарлы боран соғып, аяз болғанда оған жету мүмкін емес. Ал такси мұнда келгісі келмейді. Астаби аға үнемі көмекке келеді. Жол ақысына ақша ұсынамыз, бірақ ол үзілді-кесілді бас тартады. Не деймін, жайдарлы адам", - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Мұрат Құсайын.
Ақсақалдың көлік жүргізгеніне 70 жылға жуықтады. Ол бос уақытының көп бөлігін көлікте өткізеді. "Клиенттердің" алғысы – менің "айлығым", деп әзілдейді зейнеткер.
"Жас күнімнен адамдарға көмектескенді, пайдамды тигізгенді ұнатамын. Бұл менің хоббиім десе де болады. Көлік жүргізгенді жақсы көремін, адамдармен сөйлескен де жақсы. Ал көлік ескі болса да маған қымбат", - дейді Астаби Бұлқанов.
Отбасы зейнеткерге жаңа көлік алып беруге талай рет әрекеттенген. Біз "досқа", тіпті "темір болса да" опасыздық жасамаймыз, – деп ақталады ақсақал. Мамандығы бойынша ол механик, сондықтан ол өзінің "копейкасын" өзі-ақ жөндеп алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!