- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үздік оқушы" синдромы
“Үздік оқушы“ синдромы адам өміріне қандай кері әсерін береді?
Барлық жерде бірінші болуға тырысатын адамдарды психологтар "үздік оқушы" синдромына шалдыққандар деп атайды. Ондай жандарға атқарған ісі үшін үнемі мақтау есту жақсы шығар, десе де бұл синдромның кері тұстары да бар. Бұл туралы психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызы Massaget.kz тілшісіне әңгімелеп берді.
Үздік оқушы синдромы - адамның өзін тек жоғары жетістіктері арқылы бағалап, жеке құндылығын басқалардың мақтауымен өлшеуінен туындайтын психологиялық құбылыс. Мұндай адамдар үнемі жақсы нәтиже көрсетуге тырысады және кез келген сәтсіздікке төзімсіздік танытады.
фото: DALL-E
Қалай қалыптасады?
Психолог "үздік оқушы" синдромының қалыптасуына ата-аналар тікелей әсер етеді дейді. Өмірінде өз мақсаттарына жете алмаған ата-ана сол мақсаттарын баласы арқылы жетуді көздеп, балаға талапшылдығы жоғары болады дейді ол. Бала осыдан кейін ата-анамның көңілін аулаймын деп әлек болады. Сондай-ақ маман төмендегідей себептерді атап берді:
Жоғары талапшылдық. Отбасы қоғамның мақұлдауына мұқтаж болады. Олар жоғары лауазым, мақтау қағаздарымен ғана өз орнын сезіне алады. Бала да ата-анасының айтқаны бойынша ғана жүріп-тұрады. Талап қатал болғандықтан, үнемі үздік болуға ұмтыла береді.
Ата-ананың көңіл бөлуі жетіспеген жағдайлар. Ананың жылы лебізін алу үшін оған лайықты болуы керек, яғни жоғары көрсеткіш көрсету маңызды. Сонда ғана ата-ана тәттілер мен жаңа ойыншық алып береді. Сонда баланың миында психологиялық байланыс орнайды: мен жоғары баға алсам ғана ата-анамның көңілін аулаймын және қажетті затымды аламын.
Өзін төмен бағалау. Оны себебі: өзіне көңілі толмауында. Ал ол сезімді толтыру үшін спорт пен оқуда озат болуға тырысып, мойындатуды көздейді.
Қатал тәртіп. Егер мектепте қандай да бір олқылық немесе нашар баға алған жағдайда моральдық және физикалық жазалау күтеді. Ол одан қорғаныш баланың өзіне деген талабының артуына әсер етеді. Жетістікке жету арқылы сол жағымсыз жайттардың орын алмауынан қашып жүреді.
Синдромның белгілері
Ұлмекен Сәндібекқызы "Үздік оқушы" синдромына шалдыққан балаларда: қоршаған ортаның ойынан шығуға шектен тыс тәуелді болу, қателік жасаудан қорқу, барлық істі мінсіз жасауға тырысу, шектен тыс жауапкершілік, басқалардың жетістігін көргенде өзін жолы болмайтын адам ретінде санау, сәтсіздіктерден қорқу, өз жетістіктеріне шынайы қуанып ләззат ала алмау, жиі жүрек соғуы мен денесі үнемі қалтырауы байқалатынын және зейіні шоғырланбайтынын айтып берді.
фото: getty images
Келешектегі кері әсері
Психолог бала кезінде "үздік оқушы" синдромын санасына сіңірген адамның есейген шағында кешетін күйін сипаттап берді.
"Кішкентайында аталмыш синдромға шалдыққан жандар кейін адамдардың пікіріне тәуелді болып қалады. Өзін бағалауы өте төмен болады. Сын көтере алмай, жанындағылардан тек мадақтауды күтеді. Демалысқа, достарымен уақыт өткізуге уақыт таба алмайды. Үнемі шаршап, өзін кінәлап, көңілі толмай, күйзеліске түсуі мүмкін. Үнемі қобалжу сезімін бастан өткізеді. Шектен тыс жауапкершілікті артады. Айналасын бақылаған сайын мазасыз күйде болады. Психикасының бұзылысы мен денсаулығының нашарлауына алып келеді: көзінің тартылуы, бетінің жыбырлауы, бас ауру, үнемі суық тию сынды сезімдерді бастан өткереді", - деп түсіндіріп берді. ол.
Алдын алу жолдары
Маман бұл синдромның алдын алу үшін бірнеше кеңестерді атап берді.
Күніңізді жоспарлаңыз. Күнделікті ешкімнің мақұлдауын күтпейтін, салыстырмайтын бір әрекет жасаңыз.
Өзіңізге қолыңыздан келетін істі жасауға рұқсат беріңіз. Саналы түрде үздік оқушы синдромынан бас тартыңыз. Кешігуге, ұмытып кетуге, үйіңізді өзіңіз қалаған кезіңізде ғана жинауға рұқсат беріңіз.
Адамдардың реакцияларын мұқият бақылаңыз. Сіз мінсіз болмасаңыз да, сізді сынайтын, баға қоятын адамдардың жоқтығына көз жеткізе аласыз. Осылайша, жеңіл көрінгенімен, өмірімізді ауырлататын бұл синдромнан құтылуыңызға болады.
Бұған дейін, керек емес заттарды тастауға қимай, жинай беретін "Плюшкин" синдромы жайлы сөз қозғаған едік.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Д. Литпин