- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үздік әнге таңдау...
Үздік әнге таңдау жасалады
2016 жылы 16 қараша сағат 18:00-де «Қазақстан» РТРК» АҚ «Алматы Арена» (Алматы қ) мұз айдынында «Жыл таңдауы» – ұлттық телевизиялық музыкалық жүлде» кешін ұйымдастырады. Ауқымды шара Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналады.
«Жыл таңдауы» жобасының мақсаты – 2016 жылдың үздік әндерін анықтау. Ол үшін арнайы сараптау комиссиясы құрылды. 50 адамнан тұратын әділқазылар алқасы биыл топ жарған қазақстандық әндерді таңдайды. Онлайн түрінде өтетін дауыс беру нәтижесінде белгілі болған үздік әндердің орындаушылары «Жеңімпаз Кубогына» ие болады. Дауыс беруге құқылы комиссия құрамына қоғамдық қайраткерлер, продюсерлер, композиторлар, ән авторлары мен бизнес өкілдері енгізілді. Дауыс жинау жұмысы 2 қарашадан басталды.
«Жыл таңдауы» кешіне хит-парад көшін бастап тұрған әншілермен қатар, өнер жолына енді аяқ басқан орындаушылар қатысады. Бұл шараны Қазақстан халқы алдында «есеп беру концерті» деп атауға болады. Кеш барысында 2016 жылдың тек үздік әндері шырқалады. Сахна төріне шығатын 60 әнші өзінің бар өнерін паш етеді.
Кештің құрметті қонағы – түрік әншісі Бурай. Оның «Istersen» әні хитке айналып, дүниежүзі чаттарына енді. Есімі музыка әлемінде 2004 жылдан бері белгілі болғанымен, ол әнді кейін айта бастаған. Алғашында Түрік поп-музыканттардың әндеріне аранжировка жасаумен айналысқан Бурай қазір ән айтып миллиондаған өлең сүйер қауымның жүрегін жаулады.
Айта кетейік, «Қазақстан» мемлекеттік корпорациясы «Жыл таңдауы» атауымен бірнеше шара өткізді. 2013 жылдан бастап акционерлік қоғам үшін түсірілген сериалдар арасынан және компания қызметкерлері қатарынан үздіктер анықталатын. Биыл «Жыл таңдауының» форматы өзгеріп, үздік ән таңдалатын болды. Назар аударарлық тағы бір жайт – шоу отандық мамандардың күшімен өткізіледі.
Ж. Жұмағұлов