Қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы Қазақстандағы танымалдардың өмірі назардан тыс қалмайды. Сондықтан қандай хабар болса да, ел арасында қызу талқыға түсіп жатады. Massaget.kz тілшісі биыл той жасап, қуанышын елмен бөліскен қандай шоу-бизнес өкілдері барына шолу жасады.
Ажарлы той
Үш жыл бұрын тұрмысқа шыққан Тамара Асар былтыр қызды болған еді. Ол биыл қызының бір жасқа толу құрметіне дүркіретіп той өткізді. Әнші тойының әр бөлігін Желідегі парақшасында оқырмандарымен бөлісіп отырды.
Тойдың аты да өзгеше. Қызының есімі - Ажар. Ал тойға "Ажарлы той" деген атау берген. Тамара Асардың сөзінше, бұлай атауларының себебі көп.
"Сөнейін деп тұрған отымды жандырған", - деп жазған ол Желіде.
Тойда жақын-жуықтан бастап қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары да қонақ болған. Бұл қатарда Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді алдыңғы буын өкілдері бар.
Бір ерекшелігі тойда қазақтың салт-дәстүрі, батыс өңіріне тән жөн-жоралғылар орындалған.
"Болашағы бұйырса алда деп, ырымдап, қыз жасауын, сандығын, қоржындарын бөлек арнайы тамашалайтын бұрыш дайындадық", - деп жазған әнші.
Сондай-ақ, тойда қазақтың ұмыт болған ерекше салт-дәстүрлері орындалған. Әншінің айтуынша, шаш алу дәстүрі Адай руында сақталған екен.
"Ажардың бұйра қарыншашы, "биссіммілләхи" деп бүгін толықтай алынды. Ажар өмірге келгенде папасы "барлығын өз тәртібіңмен жаса" деді. Сондықтан бәрін анамның айтуымен жасадым. Адай руында баланың шашын 1 жасқа келгенде, нағашысы алады. Оған мал сойылып, арнайы "шаш алу" тойы жасалады. Бірнеше тойдың басы қосылған "Ажарлы тойда" нағашысы, менің туған ағам шашын бастап ырымдап алды", - деген ол.
Сондай-ақ, шаш алу дәстүрінің өз реті, тәртібі болады екен.
"Шаш алудың өз тәртібі бар, алынған шашты дәулетті адамға жинатады. "Шаштай болсын дәулетің" деп ырымдаған. Той кезінде көкесі "Алла маңдайынан берсін, маңдайлы бол" деп маңдай шашын, "оңынан берсін" деп оң жағын, "солынан берсін" деп сол жағын, "желкең тартпасын, еріншек болма" деп желкесінен қайшылап қана ырымдап алды. Ал бүгін папасы түгел шашын алып тастады, мамасы жинап отырды", - деп жазған әнші Желіде.
Гауһар тас таратылған той
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева жалғыз ұлы Бекланның тойын Түркияда дүркіретіп өткізді. Ол той қызықтарын Instagram-парақшасына салып отырды. Желідегі сурет-видеоларға сүйенсек, той Түркиядағы JW Marriott Hotel Istanbul Marmara Sea қонақүйінде өткен.
"Тойға дайындық басталып кетті. Түркияның мықты кеш ұйымдастырушы компаниясы өз қызметін бастап кетті", - деген еді Айнұр Тұрсынбаева.
Тойға Қазақстаннан танымал өнер адамдары келген. Сондай-ақ, Майра Ильясова, Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан, Алтынай Жорабаева сынды әншілер, "Алатау серілері" тобы өнер көрсеткен.
Тойда қызық ойындар да болған, сыйлығы да аз емес. Ойынға қатысқандарға гауһар тас берілген.
Кейінірек ол Instagram-парақшасында той яхтада жалғасқанын жазды.
"Достар, бүгін тойымыз яхтада жалғасады. ...Құдаларымызды күтіп алдық. Менің свежий құда-құдағиларыма реакцияларыңызды аямаңыздар!" - деді ол.
Желі қолданушылары сурет-видеолардан Ыстамбұлда болғандай әсер алғанын жазып жатыр.
"Түнімен тойда болдық, енді құдалықта отырмыз", "Кешелі бері сіздерменбіз. Түнімен Түркияда той тойладық гауһар тас тақпасақ та", "Кеше тойда жүрдік, енді бүгін ұйықтамай яхтада жүретін болдық қой", "Мәссаған, құдаларда арман жоқ шығар", "Керемет мың жылдық құда болыңыздар, баласы үшін жан-тәнімен адалынан аянбай жатқан ана жүрегінен айналдым, Айнұр ханым", "Ойбай-ай, арман жоқ шығар, ә", "Ұзағынан сүйіндірсін", - деп жазып жатыр пікір білдірушілер.
Ақынның келінінің той көйлегі де арзан емес. Айнұр Тұрсынбаеваның сөзінше, келіні Ыстамбұлдағы италиялық той көйлектерін сататын дүкеннен өзі ұнатқан көйлегін 1 миллион 200 мың теңгеге алған.
"1 миллионның торты"
Тойдағы дүниеге миллиондарын жұмсаған Айнұр Тұрсынбаева ғана емес. Бұл қатарда өзге де шоу-бизнес өкілдері де бар. Жақында ғана Төреғали Төреәлінің қарындасы, блогер Дина Төреәлі тұрмысқа шықты. Ол той видеоларын Instagram-парақшасында бөлісті.
Бойжеткенге "сырға салу" рәсімі жасалып, бір күннен кейін сән-салтанатымен "ұзату той" жасалды. Оған отандық шоу-бизнес жұлдыздары шақырылды. Тойда ағасы мен әкесі қалыңдыққа ән арнап, жұртты елжіретті.
Ал кейін олардың үйлену тойы өтті. Блогердің айтуынша, тойдағы торт құны - 1 миллион теңге. Тойға арналған тәтті ертегідегі сарайға ұқсайды.
"Өміріміз осы торт секілді тәтті болсын. 1 миллионның торты", - деп жазған блогер парақшасында.
Желі қолданушылары бұл видеоларға түрлі пікір жазған.
"Сериал болды ғой тәтті қыздың тойы, өзіміз отырғанда сезініп үзбей қарап отырмыз. Бақытың баянды болсын", "Мааа, мен мына тойдың ішінде неше күн жүрмін, шаршадым тойлап", "Айнұр Тұрсынбаеваның тойын онлайн көріп 1 апта тойлаған едік. Сіздікін де үзбей қарап жатырмыз", "Үзбей қарап отырмын, сериал болды рас", - дейді пікір білдірушілер.
Сондай-ақ, блогер арнайы Парижде Lоve Story түсірген.
"Келіншегі супер"
Биыл театр әрі кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова өзінен 10 жас кіші актер Қазбек Төленге тұрмысқа шықты. Оның серігі де өнерден алыс емес. Актрисаның жары - өзі қызмет ететін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер.
Қуанышты жаңалықты өнер иелері Instagram-парақшаларында бөліскен еді. Қазбек пен Гүлбахрам 1 қарашада некелерін қиған. Ал актрисаның ұзату тойынан кейін 13 қарашада екі жастың үйлену тойы болған.
Қос өнер иесінің оқырмандары оларға бақыт тілеп, ақжарма лебіздерін жазған. Одан бөлек, олардың жас айырмашылығы да назардан тыс қалмаған. Бірақ басым көпшілігі екеуі де жас көрінетінін айтқан.
"Бақытты болыңдар, екеуің де жап жас көрінесіңдер, керемет", "Екі дүние бақытын нәсіп етсін!", "Көздерінен махаббат нұры жауып тұр! Әрқашан осылай құлпырып, бақытты болыңдар!!!", "Екеуі де тым жақсы. Келіншегі супер", "Егер өздері айтпаса, халық айырмашылығын білмей де қалатын едіңіздер ғой. Үйлесіп тұр ғой бір-біріне. Өте әдемі", - деп жазған пікір білдірушілер.
Айта кетейік, желідегі ақпарат бойынша, Гүлбахрам 1987 жылы туған, ал сүйіктісі 1997 жылы туған.
"Қыз дайын болса, біз дайын"
Биыл "Меховая 8/1 тобының" мүшесі Жандос Самалбеков те шаңырақ көтерді.
"Қыз дайын болса, біз дайын", - деп жазған әнші Желіде.
Әншінің таңдауы Алина Қадырова есімді қызға түскен. Әншінің өзі бұған дейін де Instagram-парақшасында бірге түскен сурет-видеоларын жариялап жүрген болатын.
"Мен кеткенде сен кішкентай бүлдірген".
Биыл бір басы екеу болғандар қатарында шоу-бизнестегі тағы бір ару бар. Өйткені әнші, актриса Назым Әбілдина да ұзатылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Сәкен Майғазиев, Еркеш Хасен, Әлихан Байсұлтанов секілді танымал өнер адамдары жазған еді.
"Назымымызды ұзаттық. Барған жеріңді бақытты қыл, аппақ қарындасым", - деп жазды Еркеш Хасен Желіде.
Желі қолданушылары теледидардан көрген қыз бойжеткенін айтып, әншіге бақыт тілеп жатыр.
"Назым да бойжетті. Теледидардан көруші едік, Айгөлектен", "Өсіп қалыпты Айгөлек", "Бақытты болсын. Айгөлек ұмтылмас бағдарлама болып еді, олар керемет жүргізушілер", "Мен кеткенде сен кішкентай бүлдірген, Назымның да бойжететінін кім білген?", "Кіп-кішкентай қыз еді, "Айгөлектің төрінде" деп ән салып жүрген", - дейді пікір білдірушілер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!