Ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы неде? Ғалым түсіндірді

Ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы неде? Ғалым түсіндірді
Фото: depositphotos.com

Ұзақ өмір сүріп, қартайған шақта да денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі – тұрақты түрде жаттығу жасау. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор Алексей Москалев "Лента.ру" басылымына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ғалымның сөзінше, жасы ұлғайған сайын денсаулықты сақтаудың түрлі тәсілі бар. Алайда олардың ішіндегі ең маңыздысы – үнемі қозғалыста болу.

"Егер ұзақ өмір сүруге әсер ететін бір ғана маңызды факторды таңдау керек болса, мен еш ойланбастан дене белсенділігін атар едім. Әсіресе бұлшықетті шынықтыратын күш жаттығуларының маңызы зор", – деді биолог.

Маманның түсіндіруінше, бұлшықеттер жұмыс істеген кезде ағзадағы глюкозаны белсенді түрде пайдаланады. Ал дене жаттығулары бұлшықет пен сүйек тіндерінің жаңаруына ықпал етеді. Сондықтан тұрақты қозғалыс адамның күш-қуатын сақтап қана қоймай, ағзаның қартаюына байланысты бірқатар өзгерісті баяулатуға көмектеседі.

Ғалым бұлшықет пен сүйектің мықты болуы егде жастағы адамдар үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Өйткені бұл құлап, ауыр жарақат алу қаупін азайтады.

Москалевтің айтуынша, егде жаста жамбас сүйегін сындырып алу кейде адамның өз бетінше жүріп-тұру және күнделікті тіршілігін атқару мүмкіндігінен айырылуына әкеледі.

Сол себепті маман жас ұлғайған сайын күш жаттығуларынан бас тартпай, керісінше, оларды денсаулық жағдайына сай тұрақты орындау қажет екенін ескертті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget