- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұйықтап жатқан жерінен...
Ұйықтап жатқан жерінен көршісі оятқан: Ақкент тұрғыны оқиға қалай болғанын айтты
Алматыда кеше кешке 16 қабатты Ақкент тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Тұрғындар оқиға қалай болғанын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаны көзбен көргендердің бірі өртсөндірушілер жоғары қабатқа дейін жете алмағанын, сондықтан құрылыста жұмыс істеп жатқан крандар жұмылдырылғанын айтады.
"Олардікі (өртсөндірушілер - еск.) жетпегеннен кейін мына жерде жұмыс істеп жатқан түріктер бар ғой. Солар өздерінің крандарын әкелді. Кран арқылы 15-16 қабаттағыларды шығарып алды. Олар қазақтарды мінгізген жоқ. "Өзіміз кран әкелдік, өзіміз құтқарамыз" деді. 16-қабатқа қарай өртсөндірушілер де мінген жоқ. Арғы бұрыштан үш баласымен бір әйелді құтқарды. Екі айлық баласы, 4 жасар баласымен тағы бір әйелді құтқарды. 15-қабатта 4 студент болды. Соларды құтқарды. Кішкене кешіккенде, 10-қабаттан жоғары қарай адамдарға қиын болар еді", - дейді Ақкент тұрғыны.
Тұрғындардың сөзінше, тілсіз жаумен күресте ауызбіршілік танытқандарының арқасында көп адам аман қалған.
"Бұл жерде бәріміз бір-бірімізді танимыз. Ортақ чат бар. Көп адам көршілердің ауызбіршілігінің арқасында аман қалды. Өзім білетін достарым жұмыстан келіп, үйін толық жөндеп, қысқа дайындық жасап, демалып, ұйықтап алайын деп жатқанда, қарама-қарсы көршісі келіп оятқан. Түтінге уланып жатқан", - дейді ол.
Еске салайық, кеше Алматыдағы Ақкент шағынауданындағы тұрғын үйде өрт шыққаны хабарланды. Кейін өрттен зардап шеккендер саны анықталды.
Ақкент тұрғын үй кешенінің тұрғыны Дидар өрт туралы айтты. Ол - өрттен аман қалған тұрғындардың бірі. Ал Тілеужан Ахметжан есімді жігіт өрттен 6-7 адамды құтқарып алған. Ер адам 1 жасар баланы, көршінің отбасын, бір жігітті және полиция қызметкерін аман алып қалды.
Ал Түркия азаматы Шүкүр Гюнай Ақкенттегі өрт кезінде 16-қабатта қалған балаларды құтқарған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова