Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылында балаға қатысты келеңсіз жағдай болды. Тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан 1,5 жасар баланың бетін тырнап, бөлмеден шығып кеткен. Бұл жағдай балабақшадағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.
17 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келген қызметкер не себепті мұндай әрекетке барғаны анықталып жатыр. Полиция кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамау немесе тиісінше орындамау дерегі бойынша соталды тергеу бастаған.
Аудандық білім бөлімі мәліметінше, мектепке дейінгі бұл мекемде 25 бала тәрбиеленіп жатыр.
"Оcы оқиғадан соң жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құзырлы орган тарапынан сот медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер осы мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс жасайды. Қазір жұмыстан шеттетілді. Жағдай бақылауда", - деді Шалқар ауданы білім бөлімінің басшысы Аян Башанов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова