Абай облысында өртсөндіруші бүтіндей бір ауылды өрттен сақтап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Думан Баймұратов осы еңбегі үшін Президент жарлығымен мемлекеттік марапатқа ие болған. Ол жазда Абай облысындағы алапат өртті сөндіруге қатысқан. Бородулиха ауданы Успен ауылының 500-ге жуық тұрғынын эвакуациялауға атсалысты. Әріптестерімен бірге елді мекенді үш күн бойы тілсіз жаудан қорғады.
"Бір жарым тәулік ұйықтамай, сол жерде соңына дейін жұмыс істедік қой. Енді қиын болды ол жерде. Былай қарап тұрсаңыз, қазір соны ойласаңыз жай түс көрген секілді ме? Өзіміз де таңғаламын. Алапат өрт, у-шу. Түтін, түк көрінбейді. Не түн бе, не күн бе, айыра алмайсыз", - дейді №7 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі Думан Баймұратов.
Думан Баймұратов азаматтық қорғау саласында 10 жыл бойы еңбек етеді. Жұмысы техникамен тікелей байланысты.
"Орман өрті кезінде өте қиын. Үлкен өрт сөндіру автокөлігімен жұмыс істеу. Думан ағамыз өте белсенді болды осы өртте. Дер кезінде су беріп үлгеру керек. Ол негізінде қиын. Жұмыста өте белсенді. Сыйлы адам. Әркез дайындықта жүреді. Біз білмегенді үйретіп жүреді", - оның әріптесі Жандос Нүсіпханов.
Өртсөндірушінің қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мемлекет тарапынан ескерілді. Президент жарлығымен оған 3-дәрежелі "Айбын" ордені табысталды.
"Басты мақсатымыз - адам өмірін құтқару. Аса маңызды осы жұмысты атқарамыз. Енді биыл бізде, өздеріңіз білесіздер, Абай облысы бойынша көптеген оқыс оқиға тіркелді. Оның ішінде алапат орман өрттері де болды. Қазақстанымызда бұрын-соңды болмаған. Ондай жерлерде біздің көп әріптестеріміз, қызметкерлеріміз өздерінің ерліктерімен танылып, жұмыста өздерінің нәтимжелерін көрсетіп жатты", - деді ТЖД Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы Қайырбек Тұрсынбаев.
Абай облысында 781 құтқарушы бар. Олар биыл 2 жарым мыңға жуық шақыртуға шығып, 33 адамды өрттен құтқарған. 500-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!